30.03.2020, 11:27
Оқылды: 153

Коронавирус сабаққа кесел келтіре алмайды

 Бәйтерек ауданы бойынша білім беру ұйымдарының жалпы саны - 59, оның ішінде күндізгі мектеп - 46, кешкі мектеп - 1, қосымша білім беру ұйымы - 4 және МДҰ-8. Күндізгі мектептердің ішінде орта мектеп - 30, негізгі мектеп - 9 және бастауыш мектеп - 7. Ал оқытылу тіліне қарай келсек, 46 мектептің 28-і аралас, 9-ы орыс тілді және 9-ы қазақ мектептері.

98281D42-6286-4D44-83EF-C20365289C2E

Ондағы оқушылар саны - 8637, оның ішінде қазақ сыныптарында - 4344, орыс сыныптарында - 4293. Кешкі ауысымды мектептегі оқушы саны - 58. Сонымен қатар ауданымызда 8 мемлекеттік балабақшамен қатар 6 жеке балабақша, 13 мектеп-балабақша кешені, 25 шағын орталық бар. Сонда аудан бойынша 52 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 1778 бала тәрбиеленуде.  

- Қазіргі таңда елімізге төнген коронавирус індетінің салдарынан аудандағы барлық білім беру ошақтарындағы оқушылар мен ұстаздар 2020 жылдың 16 наурызынан бастап көктемгі демалысқа шыққаны баршаңызға мәлім.

Ендігі кезек 2019-2020 оқу жылының 4-тоқсанындағы сабақтарды  қашықтықтан оқытуға көшуге даярлау және бейімдеу - қазіргі таңның өзекті мәселесі болып отыр.

Аудандағы жалпы оқушы саны 8637 болса, оның ішінде бастауыш сыныптарда - 3803, орта буындарда - 3273, жоғары сыныптарда (кешкі мектепте - 58) - 1561.

9-11 сыныптарда сабақты zoom, instagram, Google Classroom, мессенджерлермен on-line режимінде оқыту қарастырылса,

5-8 сыныптарды «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы тапсырмалар беріп, мессенджерлермен жауап алу қарастырылуда.

Ал 1-4 сыныптарға сабақтың негізгі бөлігін «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы тапсырмалар беріп, мессенджерлермен жауап алу арқылы оқыту және қосымша «Еларна», «Балапан» телеарналары арқылы сабақ беру жоспарланып отыр.

Аудан бойынша 4700 баланың үйінде «Еларна», «Балапан» телеарналары бар екендігі анықталып отыр. Сол себепті сабақты қашықтықтан оқуға мүмкіндік бар деген сөз.  Сонымен қатар интернет жылдамдығы нашар елді мекендердегі балаларды «Күнделік» ақпараттық жүйесі және мессенджерлер арқылы оқытқан кезде оқушылардың кері байланысқа шығуы қиындық туғызуы мүмкін. Ондай жағдайда мұғалімдер оқушыларға хабарласып, тапсырмаларды алған, алмағандығын қадағалап отырады. Тапсырманы алмаған жағдайда телефон арқылы тапсырманың оқулықтағы бет нөмірін айта отырып, тапсырма береді.  

Аудан бойынша 8373 балада үйлерінде онлайн немесе қашықтықтан оқыту үшін қажетті электронды құрылғылары: компьютер, моноблок, ноутбук, планшет, смартфондары бар болса, 264 балада ең кемі смартфондары да жоқ екендігі анықталды. Бұл дегеніміз - аз қамтылған, көпбалалы, қолайсыз және толық емес отбасыларының балалары.

Қазіргі таңда мұндай отбасы балаларына смартфон сатып алып беру демеушілер, қорғаншылық комитеті, ата-аналар комитеті және мектеп әкімшіліктері тарапынан қарастырылуда. Бұл мәселе шешімін таппақ.

Ал аудан оқушыларына сабақ беретін ұстаздар жағдайына келер болсақ, аудан бойынша мұғалімдер саны - 1493. Олардың барлығында да үйлерінде онлайн немесе қашықтықтан оқыту үшін қажетті электронды құрылғылары: компьютер, моноблок, ноутбук, планшет, смартфондары бар.  

Пән мұғалімдері 3 санатқа бөлініп отыр:

1. Интернетке қолжетімділігі бар және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдаланатын пән мұғалімі мен білім алушы;

  2. Интернетке қолжетімділігі бар пән мұғалімі және интернетке қолжетімділігі жоқ, Теледидар сабақтарын пайдаланатын білім алушы;

  3. Қашықтықтан оқыту процесіне қатыспайтын педагогтер.  

Бағалау сынақ ретінде, «есептелінді»/«есептелінбеді» түрінде өткізілетін оқу пәндері теледидарда көрсетілетін пәндер тізбесіне енбеген (дене шынықтыру, өзін-өзі тану, көркемеңбек, музыка, бастапқы әскери және технологиялық дайындық, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау). Осы оқу пәндерін оқытатын мұғалімдер өз пәндері бойынша бейнеконтент әзірлеуге және бұлтты технологиялар мен видеохостингтерді пайдаланып орналастыруға, сондай-ақ сілтемені электрондық журналға қоюға міндетті.

Дене шынықтыру, бастапқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімі білім алушылардың үйде орындауы үшін физикалық және саптық жаттығулар кешенін әзірлейді.

Көркем еңбек, графика және жобалау мұғалімі – қолөнер бұйымдарын, макеттер және т.б. жасау бойынша нұсқаулықтар әзірлейді.  

Өзін-өзі тану, кәсіпкерлік және бизнес негіздері мұғалімдері жобалық жұмыстар  бойынша ұсыныстар береді. Музыка мұғалімі тыңдайтын музыкалық шығармалардың тізімін ұсынады. Онлайн режимінде тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады, - дейді Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин.

 Ертай Бимұханов

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале