9.07.2020, 18:43
Оқылды: 274

Қос аққу мекен еткен Қонақай

  Шыңғырлау өңірі небір аңыздар мен тарихи орындарға бай. Ел аузынан түспейтін «Жұмбақ көл», құмы сусып көшіп жататын Аққұм, баһадүр батырдың белгісі делінетін Шоқайтерек, «Қыз әулие» бұлағы тізбектей берсек жетерлік. Соның бірі - ауыл іргесінде орналасқан Қонақай көлі.

A6B5A6B1-F49A-4609-B8AF-C29D683BBDAE

Осы көл туралы халық аузындағы аңызды қағазға түсірген белгілі журналист Қаршыға Елемесов жазбасында былай баяндайды:

Ертеде осы төңіректе «Ел қорғаған Қонақай» есімді бір батыр өмір сүріпті. Тыныштықта жылқы бағып, алыс-жақыннан аң аулап, ауылын асырап жүреді екен. Қасында 28 досы бар екен. Қонақай аса батыр болыпты. Бір ерекшелігі, үстіне сауыт-сайман кимейді екен. Сауытсыз, қалқансыз жүрсе де оқ та, от та дарымайтын болыпты. Себебін сұрағандарға «үйімде қарт анам бар, соның тілегі маған қару дарытпайды» дейді екен.

Сол тұстарда ел ішінде «суын көктің үйірі» туралы аңыз жүреді екен, жылына бір мәрте теңізден бір үйір құйрық-жалы төгілген, қаз мойын, сүліктей сұлу бірыңғай көк жылқы жүзіп шығып, жылқы жайылымының басындағы астаулардан тұщы су ішіп кетеді екен. Таңғы талмау ұйқының тұсында желдей есіп келіп, тез су ішіп, дыбысын білдірмей кетіп отыратын болса керек. Сондықтан нақты көрген адамдар да сирек екен. Бұл жайт құлағына тиген Қонақай батыр жігіттерін жыл бойы күзетке қойып, «суын көктің» үйірін күтіпті.

2B38EA64-4618-4145-A7DC-FE10998CD1E2

Қонақай батырдың зор садағы бар екен. Қап тауларында өсетін самшит ағашынан істелген садақты батырдың өзінен басқа ешкім тарта алмайтын болыпты. Өзі құшырлана тартса, жебесі қара тасты қақ жарады екен.

Сонымен күндердің бір күнінде Қонақайдың өзі күзетке отырыпты. Таң алдында қалғып кетсе, түсінде анасы «көзіңді ашшы, балам» дейді екен. Ояна кетсе, науа толы судан бір үйір қаракөк жылқы су ішіп тұр екен. Шетінен суреттей әдемі, құшақ кеуде, бура сан, мойны қаздың мойнындай, көздері шоқтай жайнаған, жылқы біткеннің сұлу жаратылған түрі екен. Таң-тамаша болса да, сабырын жоғалтпаған батыр арқанын ыңғайлап, іліккен бірін алып қалуды ойлайды. Өздерінен басқа тағы бір жанның барын бірден сезген үйір, үркіп, желдей есе жөнеледі. Жандәрмен лақтырылған бұғалық, жетпей жолда қалады. Қонақай ең болмаса бірін жаралап алып қалуды ойлап, садағын тартады. Осы кезде үйірдің бергі қапталын қалқалап, қорғаштай берген құйрық-жалы тізесіне төгілген көк айғырды байқайды батыр. Айғырдың басында алтын жүгені жарқырап жүр екен. Мұншама сұлулықты жаралауға қимаған батыр, жүгенді көздеп, жебесін жібереді. Алтын жүген желкесінен үзіліп, жерге түседі. Батыр жүгенді алып, тамашалап қарап тұрғанда, қыр асып кеткен жылқы қайта оралып, көк айғыр оқыранып, батырға жақындайды. Бұл тамашаға таң қалған батырға астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап, көк айғыр сөйлей жөнеледі:

-Ей, батыр, біз су патшасы Сүлейменнің жылқысымыз, ана қолыңдағы алтын жүген біздің су асты патшалығына кіретін белгіміз, егер ол бізде болмаса, біз патшалығымызға өте алмаймыз, қайырымдылық  танытып, жүгенді қайтарыңыз,- депті.

Сонда батыр:

- Мен ел қорғап жүрген адаммын. Елімнің тыныштығы ең қымбат қазына, сенің жүгеніңнің керегі жоқ, бірақ бізге жақсы ат керек, жүйрік жылқы керек,- депті.

Сонда суын көк айғыр:

- Біз жылдар бойына теңіз астында тіршілік кешеміз, жылына бір мәрте сен қазған құдықтан тұщы су ішіп, сергіп қаламыз. Олай болса, бізді босат, есесіне біз саған жыл сайын су ішуге келгенде бір жылқы әкеліп отырайық,- депті.

Осылайша келісімге келіп, Қонақай батыр алтын жүгенді қайтарып, суын көк өз үйірінен бір жылқыны батырға қалдырып кетіпті.

Суын көктің жылқысы жел жетпес жүйрік екен, сол төңіректегі барлық бәйгені жеңіп алып, алдына қара салмай шабады екен. Екпінінің қаттылығы сондай, алдынан бірнеше жерден арқан керіп, тоқтатады екен.

Қонақай батыр да уағдада тұрып, жыл сайын су ішуге келген суын көктің үйіріне жан баласын жақындатпай, қорғап жүріпті. Суын көк те бір жылқыдан қалдырып отыратын болыпты. Осылайша, Қонақайдың жылқысында көк аланың үйірі пайда болып, көбейе бастапты. Бірте-бірте жылқысындағы суын көктің үйірі бір табын жылқыға айналыпты.

Алыс-жақыннан суын көктің үйіріне қызыққан жау да көбейе бастапты. Бірақ Қонақайдың айбатынан бата алмайды екен.

Күндердің бір күнінде батыр еш серік ертпей, жалғыз аңға кетіпті. Атқан аңдарын жинап, біраз күн жүрсе керек, аңдысқан жау елге шауып, батырдың қарт анасын қатты жарақаттап кетіпті. Елге келген батыр, әл үстінде жатқан анасын көріп, қатты қынжылыпты. Ізінен қуа шығып, жаудың біразын қырыпты. Қашқан жау, қайта әскер жиып, «суын көктің үйірін аламыз» деп елге қайта беттепті. Батыр садағын алып, серіктерін ертіп, жаудың алдын тосыпты. Қаптап келіп қалған жауды күтіп алып, қыра беріпті. Өзі бас болып, 28 досы қатар тұрып соғысқанда, жау шыдамай, қырыла берсе керек. Жау саны азая бергенде, кенет Қонақай батырдың садағы шарт сыныпты. «Апырым-ай, бұлай болмаушы еді, анама бірдеңе болды ма» деп қалыпты сонда батыр. Шынында да жаудың жеңілгенін күтіп, баласының тілегін тілеп жатқан қарт ана, дәл сол сәтте дүниеден өткен екен.

Екіленген жаудың екпінін басып, әр тұста тығылып жүргендерін тауып, қырып жүрген батырға бір күні садақтың оғы келіп қадалыпты. Бұған таң қалған серіктері, «Ау, бұл қалай болғаны, Сізге оқ дарымаушы еді» ғой дегенде, батыр:

- Менің қалқаным - анам еді ғой, анам кеткен соң, қару-қалқансыз қалдым ғой,- деп аһ ұрған екен.

Уланған садақтың оғы ақыры батырды алып жығып, көп ұзамай дүние салыпты. Батырдың садағы құлаған жер үлкен ор болып қалған екен, түбінен бұлақтардың көзі ашылып, қазір үлкен тұщы көлге айналыпты деседі. Көлді «Қонақай» көлі деп атапты.

Міне, аңыз Қонақай көлі туралы осылайша сыр шертеді.

Тұнық көл болып табылатын осы көл жазға салым жұртшылықтың салқындап демалар орны болса, қыс мезгілінде сырғанақ тепкен балалар осы маңнан табылар еді. Аудан халқы мал ұстамай тұрмайтыны белгілі, жаздың аптап ыстығында салқын суға бас қойған ірілі-ұсақ мал басы бір кездері көл маңын балшыққа айналдырып, мал жапасымен бүлдіріп жатқандықтан қайткенде де бір шара алу қажеттігі туындады. Әрі сол маңға жайылған мал жас теректер мен шүйгін шөпті де тып-типыл ете жаздады. Сол тұста Шыңғырлау ауылдық кеңесінің төрайымы болған Дина Есқайрова Қонақайды «Таза санитарлық аймаққа» айналдыру туралы бастама көтеріп, бұл маңға мал жаюға шектеу қоюға ұсыныс білдірді. Жергілікті орындардан қолдау тапқан бастама нәтижесінде «Таза аймақ» деген арнайы белгі қойылып, бірнеше мәрте сенбіліктер ұйымдастырылып, көл айналасындағы қоқыстар, сынған ағаштар, демалушылардан қалған тұрмыстық заттар жинастырылып әжептеуір жұмыс атқарылғантұғын. Сол кездегі аудан әкімі А.Халеловтің бұл аймаққа мал жаюға шектеу қойған қаулысы санитарлық аймақты демалыс аймағына айналдыруға септігін тигізді. Содан бері бұл жер ауылдастарымыздың демалып, сергіп қайтатын орнына айналған-тұғын. Соңғы жылдардағы табиғатта болып жатқан зор өзгерістер, қуаңшылық, жаңбырдың жоқтығы Қонақай көлінің суының азаюына әкеліп соқты. Негізінен көлдің астында бірнеше су бұлақтары бар деседі. Алайда ол көлдің түбі шөп-шаламнан, балдырлардан тазартылмағандықтан бұлақтардың көзі бітеліп, ашылмай тұр. Қонақайдың осы халін тұрғындар әңгімеге арқау еткенімен, нақты іс жасалмай тұрған еді. 

-Қонақай көлінің суының азайып бара жатқандығы, оның түбінің ластануы, жағасының ағаш шірінділері мен құраған бұтақтарға, жабайы өскен тал-теректерге толып кеткендігін көріп жүрген ауылдас азамат Мұратжан Ботанов осыдан 4-5 жыл бұрын бастама көтеріп, көл маңында сенбілік жұмыстарын ұйымдастыруға, арнайы техника жалдауға және Електің суымен Қонақай көлін толтырып алуға шыңғырлаулықтарға үндеу тастап, керекті қаражаттың жиналуына мұрындық болған еді,- деп еске алады аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиев.

-Бұл бастамаға ауданымыздың «Құрметті азаматы» Алғали Тасмағамбетов те қолдау көрсетіп, жұртшылықтан, кәсіпкерлерден жиналған қаражатқа техника жалданып, көл маңы жабайы өскен тал-теректерден, шіріген бұтақтардан тазартылып, орнына жас шыбықтар егілген болатын. Бұлақтың көзін ашуға әрекеттенгенімізбен оған арнайы техника қажет болғандықтан бұл жұмыс іске аспады. Бірақ сол кезде айтарлықтай жұмыс атқарылып, жұртшылықтың жұмыла іске кірісуімен көл маңы жаңа реңк алғаны рас еді. Бұған қоса сол жылы көктемде Елек өзені қар суымен толығып, арнасынан асқан тұста Қонақай көліне қарай трактормен жыра қазып, көлді сумен толтырып алуға мүмкіндік туды. Соңғы жылдары қардың аздығы, жаңбырдың жоқтығы көл суының азаюына әкеліп тұр».

Осы атқарылған жұмыстардан бері де бірнеше жылдың жүзі өтіпті. Бүгінгі ахуал туралы:

- Көктем басталғалы бері Қонақай көлі маңында ретті-ретсіз өскен тал-теректерді кесіп, тазалық жұмыстарын жүргіздік. Көл суының азайғаны рас, бұрынғыдай Електен жырып тартатындай оның өзі бүгінде деңгейі төмен түсуде. Ал, көл түбіндегі бұлақтың көзін ашу үшін арнайы техника алдыру қажет, оның өзі қомақты қаражатты талап етеді»,- дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғұсман Жұмағазиев.

Еш әрекет жасалмай, көлдің деңгейі осылайша төмендей берсе, алдағы жылдары қандай кеп киетінін ешкім болжап айта алмас. Әлдеқалай жаңбырлы жаз, қарлы қыс болып қалар деп қолды қусырып отырған да жөн емес. Соңғы жылдары айтулы су айдынын түрлі құстар жиі мекен ететін болыпты. Соның ішінде су бетінде әп-әдемі болып жүзіп жүрген қос аққуды байқағандар көп. Бірде бастарын түйістіріп, бірде бір-бірінен жырақтап су бетінде қалықтаған қос аққуды көрмекке ынтыққандар жетерлік. Біздің фототілшіміз де осы сәтті суретке түсіру үшін айға жуық фотоаппаратын сайлап, көл маңын төңіректеді. Әйтеуір, бір күні фотоға түсірудің сәті түсіпті. Құстың төресі әрі киелісі саналатын, махаббат символына айналған аққулардың Қонақай көлін мекен етуін жақсылыққа жорыдық. Түбінде ел азаматтары бас қосып. алыс-жақында жүрген жерлестер бала күндерінің естелігіне айналған су айдынын қалпына келтіруге қарайласамыз деп жатса, қанекей. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен!                                                                                

Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале