18.01.2018, 16:57
Оқылды: 40

Қос ауылда өткен қайырымдылық шараларынан 173 мың теңге жиналды

 

Қаратөбе ауданының Қоскөл және Егіндікөл ауылдарында «Қамқорлық» акциясы шеңберінде қайырымдылық шаралары өтті.

Аудан орталығының тұрғыны, балғын қыз Жұлдыз Серікованың қатерлі ауруға шалдығып, ем алуы үшін шетелге баратынын естіген Қоскөл мектебінің оқушылары «Сәбидің бақыты - біздің қолымызда! Жақсылық жасауға асығайық!» ұранымен қайырымдылық концертін өткізуді қолға алды.

Қайырымдылық концерті жас ұстаздар мен студенттердің тарапынан қолдау тапты. Ауылдық мəдениет үйіне толы көрермен қайырымдылық концертін ыстық ықыласпен қабылдады. Концерттік бағдарламаны тамашалауға келген ауыл тұрғындары да қайырымдылық жасаудан қалыс қалған емес.

Қаратөбелік балғын қыздың Үндістан еліне ота жасалуына орай ұйымдастырылған концертке келе алмайтынын айтқан қоскөлдік азаматтардың бірі Жұлдыздың есепшотына 40 мың теңге ақша аударды.

Ал Егіндікөл мектебінде жәрмеңке ұйымдастырылды. Олар да Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Серікова Жұлдызға қаражат жинап, ел болып, көмектесуді көздеді.

Ұйымдастырылған жәрмеңкеге ет, сүт, ұн өнімдерінен жасалған тағамдар сатылды. Ауданның солтүстік бетіндегі Қоскөл, Егіндікөл ауылдық округтерінің  тұрғындары да қайырымдылық жасаудан қалыс қалған емес. Жұлдыздың ауруынан жазылып кетуін, аман-есен елге оралуын тіледі.

Қос ауылдық округтен жиналған 173 мыңға жуық қаражат Жұлдыздың есепшотына аударылмақ.

Маралбек Амантаев,

Тоты Есқайырова

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале