26.06.2020, 9:55
Оқылды: 53

Қос орденді байланысшыны неге ұмыттық? 

Кезінде Жымпиты аудандық байланыс торабында отыз үш жыл бойына үзіліссіз қызмет еткен қос орденді байланысшы Қапиза Нұрмұханованы білетіндердің қатары да сиреп барады...

75F9D99A-BBB9-48D7-B2AF-D28BBB098682

Дегенмен көңілге демеу боларлығы өмірден өткеніне отыз жыл болған марқұм Қапиза анамыздың соңында ұрпақтары, көз көрген ағайындары, әріптестері бар.

Қолға қалам алып, Қ.Нұрмұханованың өмір жолы, кейбір «әттеген-ай» дегізер сәттер жөнінде әңгімелеуімізге сол ұрпақтары, көзін көре қалған әріптестерінің себепкер болғаны рас.

Қапиза Нұрмұханова бүгінде арамызда болса, 90 жасқа толады екен. Ол ауданға қарасты бұрынғы 1 май ауылында (қазіргі атауы Саралжын) дүниеге келіпті. Анасынан 5 жасында айырылған Қапиза әкесінің тәрбиесінде болып, есейді.

Қайран әке аналарынан қалған шиеттей балаларын тентіретпей бағып, білім алуларына жағдай жасады.

Солардың ортасында өзінің пысық, өмірге ынта, тірлігімен Қапиза да мектеп бітіріп, еңбекке араласып кетті.

Арнайы білім алған Қ.Нұрмұханова 33 жыл бойы аудандық байланыс торабында телефон байланысшысы болды.  

– Мен 1959 жылы Алматы қаласынан телефонист мамандығына оқып, Жымпитыдағы байланыс торабына қызметке орналастым. Ол кезде аудандық байланыс торабының бастығы, марқұм Ғ.Жұмаев болатын.

      Қызметке келген бойда мені аға телефоншы етіп, қарамағыма алты телефоншы қызды қосты. Олардың арасында Қапиза  Нұрмұханова, Ұмсын Бөстекбаева, Жаңыл Айдарханова сынды телефоншылар бар еді.

Осы салада қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Қазіргідей техниканың жаңарған заманы емес, ол жылдары жұмыстың бәрі қолмен атқарылатын.

Тіпті өзара әңгімелесуге уақыт жоқ, жұмысты күндіз-түні атқарушы едік, – деп сол кездерді еске алады Қапиза анамен қызметтес болған ардагер байланысшы, зейнеткер Файруза Усманова.

Байланыс саласында 33 жылдай қызмет атқарған Қапиза Нұрмұханова отағасы Ғабдрах Құдияровпен Мұратбек, Гүлшара, Гүлшат атты ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірген.

Бір өкініштісі, отағасы Ғабдрах, ұлы Мұратбек өмірден ерте кетті.

Ал қыздары Гүлшара мен Гүлшат өздері қалаған мамандық иелері атанып, бір-бір шаңырақтың отын маздатып отыр.

Осынау материалдың жазылуына Қапиза ананың қызы Гүлшара Құдиярованың мына бір сөздері қамшы болып еді:

– Марқұм анамның аудандық байланыс торабында байланысшы болып жемісті қызмет атқарған жылдары, мемлекет тарапынан марапатқа ие болған сәттері әлі күнге көз алдымда.

Анам туралы кезінде «Қазақстан әйелдері» журналында, облыстық «Орал өңірі» газетінде, аудандық «Қызыл ту» газетінде талай рет мақалалар жарияланды.

Анамыздың есімі облыстық байланыс басқармасының «Алтын кітабына» енгізілген еді бір кезде.

Бұл сәтке өзім де куәгер болғанымды мақтан етемін.

Тек мамандығына жан-тәнімен берілген анамның есімінің бүгінде бұлыңғырланып, ұмытылып бара жатқаны жанымды ауыртады.

Тіпті Сырым елінің тарихи-танымдық «Алаштың ақ ордасы» кітабына анамның енбей қалуының өзі қабырғама қатты бататындығы рас, – дейді қызы Гүлшара Құдиярова.

Иә, байланыс саласындағы атқарған жемісті қызметіне орай өңіріне 1967 жылы «Құрмет Белгісі», 1981 жылы «Қазан революциясы» ордендерін таққан, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталған, аудандық партия комитетінің мүшесі, бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестің депутаты болған байланысшы Қ.Нұрмұхановаға «Өзі жоқтың көзі жоқ» демей, құрмет көрсетсе, еш артық болмас еді ғой...

Ең аяғы, кезінде қос орденді кеудесіне тағып, ауданның мақтанышына айналған облыс байланысшыларына ерен еңбегімен үлгі болған Қапиза Нұрмұханова тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылса, шіркін, дейсің?!

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале