23.05.2020, 20:37
Оқылды: 54

Қос өзен елі келелі істерге толы

Биыл Казталов ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында сегіз жоба жүзеге асырылуда. Жалпы аудан бойынша 549 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған болса, соның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 276 адам еңбекке тартылмақ. Атқарылатын жұмыстардың қатарында таза ауыз су тарту, ауыл көшелеріне тас жол төсеу, мектеп салу мен ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу секілді ірі жобалар бар. 

IMG-20200523-WA0228

Кеше өңір басшысы Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен аталған ауданда болып, жоспарланған жұмыстардың орындалу барысымен танысты.

Қос өзен еліне ат басын бұрған облыс әкімі алдымен аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Қарасу ауылдық округіндегі таза ауыз су құрылысымен танысты.

Қазіргі таңда 175 ауласы, 767 тұрғыны бар ауылды таза ауыз сумен қамту жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған. Сапалы ауыз сумен қамту жұмысарына 203 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ауыл ішіне 14 шақырым құбыр тартылған. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында толықтай аяқталады деп күтілуде.

IMG-20200523-WA0229

-Қазіргі уақытта ауыл ішіне құбыр тарту жұмыстары толықтай аяқталды. Таза су әр үйдің ауласына дейін жеткізілді. Осы кезге дейін су өзен арнасынан тартылып, тұрғындарға тазартылып берілуші еді. Жылдан жылға өзен арнасының тартылуына байланысты бұл жүйе өз тиімсіздігін көрсетуде. Сондықтан біздер мердігер компаниямен келісіп, белгіленген жобаға өзгерістер енгізіп, таза ауыз суды Искра топтық су құбырынан тартудамыз. Ол құбыр ауылдан 13,3 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде төрт шақырымға құбыр салынды,-дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаев.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале