9.06.2020, 12:09
Оқылды: 90

Қос сәбиді панасына алған жанұя

Уақыт кеңістігінде бақыт біреуге ерте, біреуге кеш жолығады. Әйтсе де, сезім мен сенімнің күші мазасыз өмірді ұмыттырып, нағыз бақыттың баспалдағына қадам бастырып, мансаптан да жоғары байлық бар екенін ұғындыра түсетіндей. Көңілдердегі перделенген қараңғылықты сейілтіп, тұмшаланған тағдырға тағы бір үміт сыйлайтындай. Шерменде болған жүрекке жылулық сәулесін шашқан қос тағдырдың боямасыз өмірін біз сіздерге  баяндамақпыз.

Sabi

Фарида әпке кішкентай ауылда ұстаздық қызмет атқарады. Жолдасы Дархан – қарапайым жұмысшы. Бұл отбасының қандай жандар екеніне сырттай қанық едім. Өмірге мейлінше пайым-парасатпен қарайтын жақсы адамдар, тек жандарын аяздай қарып, көңілдеріне кірбің түсіретін бір дерт бар-тұғын. Ерлі-зайыптылар отасқандарына біраз жыл өтсе де перзент сүю бақыты бұйырмады. Айтарлықтай әдемі үй де, көлік те бар. Тек сәбидің үні ғана жетіспеді. Мектептегі балаларды көргенде Фарида әпкенің ет-жүрегі елжіремей қоймайтын. Оларға қараған сайын назырқанған жүрегі жіби түседі. Күнделікті өмірі ана болуды армандап өтіп жатты. Еріксіз езу тартып қоятыны болмаса, жүректе шер мен шемен қатты-тұғын. Жұмысқа басы салбырап кетеді, көңіл күйі болмаған соң шаршап қайтады. Оның осы күйін Дархан ағай да іштей сезіп жүрген. Мәнісін сұрап, мазалауды ыңғайсыз көрді. Сол күні кешқұрым жарының жанына келіп: «Фарида, байқауымша, сені бір нәрсе қатты мазалап жүрген сияқты» деп қасында отырған келіншегін құшақтап маңдайынан сүйді.

Ер-азаматының да ұнжырғасы түсіп, еңсесінің езілгені әйеліне әсер етпейді дейсің бе? Бірақ айтқысы да жоқ, батылы бармайды. Қалай қабылдайтынынан қорқады? Дегенмен үрей мен қорқынышты артқа тастап, бала асырап алу жайлы ұсынысын айтты. Алайда қуанышына орай бұл ұсынысты жолдасы бірауыздан қолдай кетті. Содан бастап Фарида әпке Орал қаласындағы «Ана мен бала» орталығына барып, біршама мәлімет жинады.

Өмірдің ауыр тауқыметіне ұшыраған балаларға бақыт сыйлаудың өзі неге тұрады?! Фарида мен Дархан сол күнді асыға күтті. Өзгені өз баласындай қабылдағысы келетін кең жүректі адамдар үшін бұл қиынға соқпады. Орталықтағы 13 жасар Азамат есімді баланы бауырларына баспақ еді. Бірақ Азамат жалғыз емес, Қарлығаш есімді қарындасы бар. Олар түрлі тағдырлар тоғысқан мекеннің кейіпкерлері. Естерін білер-білмес шақтарында ата-анасынан айырылған. Жанарлары жәутеңдеп, жетімдердің қатарын толықтырған Азамат пен Қарлығаш көптен бері орталықта өмір сүруде екен. Фарида Азаматтан да, тал шыбықтай бұралып өсіп келе жатқан Қарлығаштан да көзін ала алар емес. Өзіне жылы қарап отырған әйелдің қамқорлығы жетім қыздың көңілін босатып, оның құшағына еріксіз құлата берді. Ақыр соңында Жұмағазиевтер отбасы екеуін бірге алуға шешім қабылдады. Бұдан бұрын да жат қолында өсіп, жетімдіктің зары өткен Азамат пен Қарлығаш өздеріне шынайы қамқор болатын жандарға бір үміт сыйлады. Сөйтіп, Жұмағазиевтер отбасы бір үйдің қос перзентін өз ауылдарына алып келді. Ай артынан айлар сырғып, жылдар да жылжып өтті. Олардың ет-жүрегін елжіреткен қос тағдыр бақытты ғұмыр кешуде. Фарида мен Дархан балалардың туғанына айналды. Азамат пен Қарлығаш та мұншама ыстық-ықыласқа дән риза. Өздерінің баяғыдан іздеген ата-аналарын тапқандай, бұрын-соңды болмаған керемет күй кешті. Маңдайларынан сүйіп, «Айналайын!» дейтін ата-ананың болғаны қандай жақсы! Мейірімді ана жетімдерге медеу болып, оларды қоғам қатарына қосуды өз парызым деп санайды.

«Перзент - Алланың берген сыйы ғой. Олар да қоғамда тең өмір сүруге құқылы. Тағдырыма ризамын. Әр қиыншылықтың артында бір қуаныш болады емес пе? Аллаға шүкір! Біз шексіз бақыттымыз!» деген ананың сөзін естігенде көзімнен жас ыршып түсті. Әу баста қанша қиын болса да қайсар ана ешқашан мойыған емес. Мейірімге шөлдеген жүректі жібіту екеудің басты мақсаты еді. Ерлік деп осыны айт. Балаларды асырап, бауырына басқан Фаридадай анаға қалай құрмет көрсетсе де әбден лайық. Ол көп адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиеттің иесі. Барлық аналарымыз осындай болса екен деп тіледік. Албырт жастықпен қателікке ұрынып, некесіз бала көтеріп, одан кейін ел-жұрттың алдында масқара болмас үшін баласынан бас тартып, құрсағынан шыққан шаранасын көшеге тастап немесе сәбилер үйіне өткізіп жатқан қаншама безбүйрек аналар бар. Бұл оқиғаны біз сондай тасжүрек ата-анаға сабақ болсын және біздің ауданымызда жанарлары жәутеңдеген жетімдерге тағы бір өмір сыйлаған мейірімді жандардың бар екенін білсін деген мақсатта жарияладық. Азамат пен Қарлығаштың тұманданған өткен күндері ұмытылып, жаңа бақытты шақтары басталды.

Біз бүлдіршін, жақсылыққа сенер.

Мұңайтпай ұлын,

Жылатпай қызын,

Жақсы ата-ана мейірімге бөлер...

Олар осы әнді тыңдаған сайын жанарларында тек бақыттың жасы тамшылап тұрады.

Иә, сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған. Бәріміз осыны түсінсек екен.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале