13.04.2018, 16:50
Оқылды: 24

Көше кезген мал иесіне қатаң шара қолданылады

 

Жәнібек ауылы тұрғындарының жиыны өтті.

Онда ауылдық округ бойынша учаскелік полиция инспекторы Елдос Қарабалиев өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі, ауылдық округ әкімінің орынбасары Бекжан Неғметов ауыл тұрғындарының жеке малын бағуды ұйымдастыру, ауыл әкімі Мұстахим Қабдысалиев ауылдың санитарлық тазалығы туралы хабарламалар жасады.

Ауыл тұрғындарының жиынына аудан әкімі Азамат Сафималиев жеңіл автокөліктердің мемлекеттік нөмірсіз көшеде жүретінін, оған шара алынбайтынын, сондай-ақ жекелеген тұрғындар мекенжайларының артында күл-қоқыстардың үйіліп жататындығын айтып, ескертуден қорытынды шығармайтын болса, айыппұл салынатынын нықтап айтты.

Аудан басшысы, сонымен қатар мал иесі бақташымен келісімшартқа отыру қажеттігін, бақташының Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелу керектігін, қаңғыбас иттерді жою жұмыстарының қанағаттанғысыз жүргізіліп отырғандығын сөзіне сүйеніш етіп, былтыр ауылға ауыз су құбырын жүргізген мердігердің биыл тағы келіп, су құбырлары өткізілген шұңқырларды тегістейтінін жеткізді.

–Жазда мал өріске шығарда, өрістен келгенде асфальт жолдың үстімен жүріп, ластайды. Иелері соны көре тұрып, малын жолдың жанымен айдауға көңіл аудармайды. Оны биржа арқылы жұмыс істейтін әйел адамдар тазалаумен жүреді. Мал өрістен келгеннен соң көше кезіп, бөтеннің ауласына кіріп кету деректері де кездеседі. Осындай себептерге байланысты ауыл ішіне гүл еге алмаудамыз. Мал өз бетімен көше кезіп жүре берсе,  қамап тастауға тура келеді, солай етеміз де, 3 күннің ішінде мал иесі іздеп келіп алмаса, заңға сәйкес ет комбинатына өткізуге дейін шара қолданамыз,-деді аудан әкімі өз сөзінде.

Жиында Жәнібек ауылдық округінің әкімі Мұстахим Қабдысалиев слайд арқылы үйлердің, дүкендердің артында жатқан күл-қоқыстарды  көрсетіп, оны тазалауға колледждің және жеке меншік иелерінің техникасы шығатынын, тазалық айлығы барысында тағы да рейдтер жүргізілетінін баяндап, көшелердегі 3 үйге ортақ бір контейнер, сондай-ақ түнгі шам орнату  жайын тілге тиек етті. Жәнібек ауылы тұрғындарының жиынында аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев сәуірдің соңында садақа, тасаттық беру, зиратты тазалап, жаңғырту, жаназаға қатысу, садақадағы ас мәзірі мәселесі туралы көкейтесті ой қозғаса, Жәнібек ауылының тұрғындары Бауыржан Сабанов, Нұрболат Тәжіғалиев, Тәрбие Текина, Дәржан Ахметқалиева және тағы да басқалары ауыл тазалығы, мал бағу жөніндегі пікір-ұсыныстарын білдірді.

                                                                                   Н.Өтей

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале