14.05.2018, 16:26
Оқылды: 90

Қоскөл ауылының 60 жылдығы тойланды

12274691_106365426399824_3304764099755887661_nҚаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерімен қатар Қоскөл ауылының 60 жылдығы тойланып, мереке сайын дала төсіндегі дала қызықтарына ұласты.

Шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев көскөлдіктерді мерекемен құттықтап, Қоскөл ауылының жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Одан соң Қоскөл ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Біржан Сағиұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, ауыл жастарының атынан Асхат Қадірбаев құттықтау сөз алып, игі тілектерін білдірді.

Мерейтойлық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ардагерлерге дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді.

Мерекелік шара одан әрі дала қызықтарына ұласып, ел делебесін қоздырған 20 шақырымды құрайтын аламан бәйгеге жалғасты.

30 сәйгүлік қатысқан аламан бәйгеде Ханкөл ауылынан қатысқан Қадірбек Құбашевтың Дауылпаз атты сәйгүлігі бас жүлдені қанжығасына байлады.

Қоскөл ауылының тұрғыны Зейнел Есенғазиевтің Торыайғыр атты сәйгүлігі ІІ орынды, шалғындық Сапар Байтұрсынның Қараайғыр атты сәйгүлігі ІІІ орынды иеленді. Бәйге жүлдегерлеріне тоңазатқыш, кір жуғыш машина және газ плита секілді бағалы заттар тарту етілді.

Қазақ күресі, арқан тартыс, қой көтеру, гір тасын көтеру, жаяу жүгіру, футбол сынды ойындар мереке көркін қыздырды.

Қазақ күресінде Ернұр Қажығалиев «Түйе палуан» атанды. ІІ орынды қаратөбелік Мағжан Серіков, қоскөлдік Елжас Оразбай ІІІ орынды иеленді.

Ал футбол ойынына 18 команда қатысып, қоскөлдік «Көскөл жастары» командасы І орынды иеленді. Ал Теректі ауданындағы Подстепной ауылдық округінің командасы ІІ орын алса, ІІІ орын Ақсай қаласынан келген «Конденцат» командасына бұйырды.

Ал қой көтеру сайысында егіндікөлдік Батырбек Құрмашев қой малын 114 рет көтеріп, түлікті еншісіне байлады.

Сайыста үздік деп танылған жеңімпаз-жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар тарту етілді.

Думан соңында облысымызға танымал айтыс ақындары Талғат Мықи, Айнабек Бисенғали, Орынбек Меңдіқұл және жас айтыскер Райымбек Өтеповтер әдемі айтыс өрнегін көрсетіп, жауһар жырларын елге паш етті.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале