9.12.2019, 18:29
Оқылды: 825

Қособада Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған шара өтті

Облыстың бірнеше дүркін түйе палуаны, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы даңқты спортшы, жерлесіміз, қособалық Оралбек Қожагелдиннің туғанына 55 жыл, дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай жерлес ақын Бауыржан Халиолланың бастамасымен еске алуға арналған мәдени-рухани шара өтті.

 syrym oralbek (4)

О.Қожагелдиннің қамшының сабындай қысқа ғұмыры, бауырлары, отбасы жайында бейнеролик көрсетілді. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов апталдай азамат біздің заманның батыры, ақжарқын,өзінің азаматқа тән қасиеттері бар, жолдастарына қол ұшын соза білген азаматтың бірі де бірегейі деп еске алуға арналған әдемі кешке келген барша жандарға аудан әкімі атынан алғысын білдірді.

«Қособа деген ұлтанды ел жиналып, арысын ардақтап, еске алмақ дегенді естіп келдім. Қай заманда да, қай қоғамда да біреудің сөзіне еріп яки ізіне еріп, біреудің жетегінде жүретін емес, өзінің ұстанымы бар, болмысы бөлек ер азаматқа кедергілер қай кезде де көп болған. Сондай өз жолымен жүретін азаматтардың бірі де бірегейі - Оралбек», - деді Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, мәдениет саласының ардагер-майталманы Айдар Батырханов.

syrym oralbek (5)

Айдар Тапашұлы жары Сәуия Тілегенқызына еңбегін елеп, «көрсеткен құрметіміз болсын» деп салалық кәсіподақ атынан «Еңбек даңқы»төсбелгісін табыстады.

syrym oralbek (8)

«Оралбек батыр» кітабының авторы, ақын Нұрлан Сәдір кітапты жазардағы мақсат, біздің өскелең ұрпаққа Оралбек – шамшырақ жұлдыз іспеттес екендігін айтып, ұрпақ қызығып, еліктейтіндей адамның ісін үлгі ету. Кітапты жазудағы, жинақтаудағы идея авторы, Абзал Құспан сияқты біраз азаматтар бар екендігін тілге тиек еткен автор, алдағы уақытта Орал қаласынан Оралбек Қожагелдинге бір көшенің аты бұйырса деген тілегін айтты.

Жерлесіміз, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемировтың «Оралбектің монологын» Әлімжан Ізімғали нақышына келтіре оқып, халықтың жүрегін тебірентті.

syrym oralbek (7)

Еңбек ардагері, ауылдың көркеюіне үлесін қосқан азаматтардың бірі Жұмабай Сатаев пен аталмыш шараны ұйымдастырушы самбо, дзюдо күрестерінен спорт шебері, БҚО-ның түйе палуаны Еділ Үсеновтер Оралбек Мәтниязұлы жайында біраз естеліктер айтты. Жұмабай Аспендиярұлы елдің мақтанышы болған ердің жарына құрмет көрсетіп, орамал мен қамзол кигізіп, ауыл азаматтары атынан қособалық спортшыларға футбол формалары мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.

syrym oralbek (9)

Рухани шараның соңында О.Қожагелдиннің жары ерін есінен шығармай, ұрпағына үлгі еткен ағайын-тума мен жанашыр жандардың бәріне алғысын айтты.

Айжан Амангелдина
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале