24.06.2019, 10:57
Оқылды: 341

Қособада үш қиянның жүйрігі жарысып, палуаны белдесті

Сырым ауданы Қособа ауылында Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін түйе палуаны, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған ірі мәдени көпшілік шара өтті.

 syrym (5)

Халық таңмен Оралбектің басына барып, рухына Құран бағыштады. Кейін тойтөбеде тойдың туы көтерілді. Салтанатты шара өтіп, ол жерде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер Құсайын Бақтияров және Қожагелдиндер жанұясы мен бірқатар зиялы қауым өкілі сөз сөйледі. Әрі қарай дала қызықтары басталды.

15 шақырымдық топ бәйгеде Атыраудың атынан шапқан Үшторы атты жүйрік бірінші келді. Екінші болып ақтөбелік «Арманай» келсе, үшінші дәрежелі жүлдені Әділхан Үсеновтың жүйрігі Қособаға алып қалды.

syrym (4)

Аламан бәйгеде де атыраулық бапкерлердің мерейі үстем болды. «Нұрқаным» атты сәйгүлік 8 айналымды алқынбай, тартынбай жүріп өтті. Ал екінші келген Маңғыстаудың «Маршалының» болдырғаны көрініп еді, мәреге таяғанда халықтың қиқуын естіп, қайтадан бойын жинап алды. 24 шақырымдық бәйгеде үшінші орынды Атыраудың Сағызынан келген «Шамшырақ» алды.

syrym (7)

Палуанның тойындағы күрес, жай күрес емес, «Қазақстан барысы» сияқты үлкен спорт аламанына айналды. Себебі, Шыңғыс Шоқпытов, Дархан Темірханов, Еламан Қойшыбаев, Асхар Нұрмұханов сияқты республикалық турнирге қатысып жүрген белгілі палуандар Оралбектің жүлдесі үшін күресті. Палуандар арасындағы белдесу өте тартысты өрбіді. Қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен жеңген атыраулық Арман Қалиев «Түйе палуан» атанды.

syrym (2)

Қазақ күресі ат үстіндегі күрес, яғни аударыспаққа ұласты.

Түскі уақытта «Тұмар» мейрамханасында Оралбек Қожагелдиннің рухына арналып ас берілді.

syrym (1)

Осы жерде, тойдың барлық қаржылық шығынын ауыл азаматтары мен демеушілер көтергенін айта кету керек. Оралбектің тек Қожагелдиндердің ұлы емес, тұтас қазақ елінің ұлы екенін осыдан-ақ көруге болады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале