12.10.2019, 14:41
Оқылды: 281

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Теректі ауданына барды

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Теректі ауданы бойынша үш ауысымда білім беретін Подстепный қазақ мектебінің жағдайымен танысты.

terekti ministr (2)

Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова бұл білім ордасында 2019-2020 оқу жылында 817 оқушының оқып, даярлық топта 72 бүлдіршіннің тәрбиеленіп жатқанын баяндады. Мектеп ішін мұқият аралаған вице-министр физика, ІТ сынып, технология, информатика кабинеттеріне кіріп, жаңартылған білім беру бағдарламасының жүзеге асу жолын сұрады. Ұстаздар физика таңдаған оқушылардың білім деңгейі, «Kundelik.kz» электронды журналының артықшылығы, қыз балаларды қолөнерге баулу, робот жасаудың барысы жөнінде толық мәлімдеді. Вице-министр Шолпан Таңатқызы спорт зал мен асханаға да бас сұқты. Мектеп директоры Берік Нығметов ыстық тамақпен қамтылуға мұқтаж 149 шәкірттің тамақтанатынын жеткізді. Аудан әкімі Әділ Жоламанов елорда төрінен арнайы келген Шолпан Таңатқызына халық санының артуына байланысты мектеп салу қажеттігін айтты.

terekti ministr (3)

«Бәйтерек» бөбекжайының директоры Сағима Серікқалиева 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыспен ашылған ғимараттың қазіргі күйінен мағлұмат берді.

- 290 орындық бөбекжайда 81 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 41-і педагог. Қазіргі 301 бала тәрбиеленуде. Инклюзивті білім беру кабинетінде дамуында ерекше қажеттілігі бар 25 балғынмен логопед, дефектолог, психолог жұмыстануда. 2017 жылдан бастап «Асық терапиясы», «Театр – бізде қонақта», «Домбыра – асыл мұра», «Бала тілі – бал» сынды 4 бағыттағы зертхана алаңын қамтудамыз, - деді Сағима Имангерейқызы.

terekti ministr (4)

Вице-министрге бөбекжайдың музейі ерекше ұнады. Бөбекжайдың дефектологі Әсел Зайнуллина:

«Инклюзивті білім берудің республикалық деңгейде ортақ жоспары болса, бірыңғай жүйеде жұмыстанушы едік. Тағы бір күрмеуі шешілмеген мәселе республикалық балаларды оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларын емдету үшін ата-аналар кезекке тұрады. Бір жылы емделген бала келесі жылы кезек келмеуіне байланысты емін жалғастыра алмауы мүмкін.  Осындай жағдайлар қайталана бермеуі үшін әр аймақта орталық филиалы ашылса, керемет болушы еді», - деген ұсыныстарын айтты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы Теректі ауданындағы қос білім ордасының жұмысына оң баға берді.

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале