22.09.2018, 10:00
Оқылды: 51

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Тасқалада

Тасқала ауданына іссапармен барған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова білім ошақтарын аралады.

111_3645

Алдымен Бірлік аулындағы негізгі мектептің хал-ахуалымен танысқан қонақ оқушыларға жасалған жағдайға көз жеткізді. Бір қабатты мектептің ауыл балалары үшін қажет екенін ескеріп, ұстаздар жұмысына назар аударды.

-Ауылды сақтап қалу үшін мектеп керек. Себебі мектеп жабылса жаппай көшу басталады. Көріп отырғанымыздай ауылда жұмыс көзі көбейіп, зауыт салынып жатыр. Басқа да жағдайлар біртіңдеп жасалуда. Сондықтан ауыл ахуалын көтеруге жұмыстану қажет,- деді  Айгүл Амантайқызы.

Мұнан соң аудан орталығындағы «Сәулет» мектеп-лицейінде болып, оқушылар шығармашылығына берілген мүмкіндіктермен танысты. Робототехника саласы бойынша жұмыстанып, биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттерге сәттілік тіледі.

-Лицейге өңір бойынша мектептерден емтихан тапсырып оқуға келген шәкірттеріміз бар. Бұның өзі «Сәулеттің» облыс көлеміндегі абыройын көрсетеді деп ойлаймын. Балалардың араласқаны бізге де жақсы. Ұстаздар да талапқа сай жұмыс атқаруда. Биыл 4 жыл қатарынан облыстық деңгейде үздік бестіктің қатарындамыз. Мұның өзі – үлкен дәреже,- деді аталмыш оқу ордасының директоры Ж.Айтжанов.

Бұдан бөлек жаңадан ашылып жатқан «IT-сыныбы» таныстырылды. Заманауи құралдармен жабдықталған сыныпта жұмыстану үшін мүмкіндіктер, мейлінше, мол жасалған.

            Мектеп жанындағы интернат жұмысы да назардан тыс қалмады. Іші жарық әрі таза бөлмелер мен оқу залы бар. Мектеп басшысының сөзіне сүйенсек, интернатта 100 балаға арналған орын бар. Алайда бүгінде ол жерде 120 бала тәрбиеленуде. Алдағы уақытта мектеп интернатының көлемін кеңейту мақсатында жұмыстар жасау ойда бар екенін тілге тиек етті.

Әсем СЕРІКҚАЛИ,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале