6.12.2019, 12:23
Оқылды: 1257

Құмға көмілген тарих немесе Сарыбастар туралы

Бөкейліктердің алғашқы көшіне ілесіп Қамыс-Самар еліне алғашқы көшіп келушілердің бір тобы – Сарыбастар еді. Сарыбастар – Сары Алашаның Сарыбас бөліміне жататын ру. Олар алғашқы сәтте XIX ғасырдың басында ескі қала Глининск елді мекенінің маңындағы Сары айдын көлінің күн шығыс бетіндегі бір шеті Бекбике, Жалаңаш көлі, Мардан, Постройка, Сабен қызылы, Ақмола елді мекендерімен шектесетін ат төбеліндей құмды, бұдырлы, жазықтық (қазіргі Киіз төбе деп аталатын жерге) жерге келіп қоныстанған.

janaqala qym

Кейіннен осы жер «Сарыбастың шағылы» атауына ие болған. Арада 15 жыл өткен соң, мал-жаны өскен бұларға осы аумақ таршылық ете бастайды. Бұған, әсіресе жаппай бөкейліктерде орын алған 1815-1816 жылдардағы ауыр қыс, 1817 жылдың жазындағы қаптаған шегірткелердің өсімдік атаулыны отауы, 1819-1820 жылдардағы үлкен жұтта бұлардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізбей қалған жоқ.Сол кезде халықты жерге орналастыру, көш-қон мәселелері және халыққа жер, қоныс бөлу, жер дауын шешу ісінің білгір маманы Бөкейдің сұрауы бойынша Жайықтың Бұхар бетіндегі шетімен шегі жоқ Бөкей даласына келіп жұмыс жасаған  реформатор, тарихтағы атақты Сыпыра тарханның баласы Қоңыз тархан Сыпырабиев Қамыс-Самар өлкесіне келген еді. Осыны пайдаланған Сарыбастардың рубасылары жағдайды баяндап, Қоңыз тарханға  хат жолдайды. Хатта бұдан былайғы уақытта тұрған жердің малға да, жанға да таршылық ететіндігін, болашақта Қамыс-Самар көлдерінің оңтүстігіне қарай Бекетай құмымен шектесетін төрі, ұзындығы 35-40 шақырымға созылып жатқан иесіз, адам аяғы баспаған, нулы құйқалы жер Сары көлді тұрақты қоныс етіп жайлауға түгелдей беруін сұрайды. Есесіне жоғарыдан қойылатан қандай талаптар болсада орындауға, жерді ұқыпты пайдалануға, кең көлемде мал өсіріп, оның көбейген басынан түсетін өнімдерінен және тағыда басқа қозғалыстардан түсетін қомақты салықтарды уақытында төлеп отыруға уәде етеді. Сол уақытта бұлардың қолдарындағы мал санының аздығына орай және одан өндірілетін өнім көлемінің қомақты салық төлеуге қауқарсыз екендігін ескерген қоныс  бөлуші, бұларға бастапқы кезде шығысынан батысына қарай созылып жатқан Сарыкөлдің Бекетай құмымен шектесетін жағалауының үштен бірін ғана тұрақты пайдалануға рұқсат етеді.Шекарасын тархан сызып, Бөкей, Шығай, Жәңгір  бекіткен аймаққа бұлар тастай батып, судай сіңеді. Содан бастап бұл жерді Сарыбастар Қамыс-Самар қисымы құрылғанға дейін, яғни 30 жылдан астам уақыт иеленеді. Белгіленген жердің табиғи байлықтарын шексіз пайдаланған бұлар, шаруашылықтары өркендеп, мал-жаны көбейіп, ұрпақтары өсіп, жан-жағымен ақыл-кеңес құра алатын, төңірегіндегілермен қатынас қалыптастыра алатын толыққанды рулы елге айналады. Әсіресе Шығай, Жәңгір хан кезінде Сарыбас ата балалары Байтоқа, Болат, Бопай, Қожаберген, Сәңкібай, Есентай, Мағыр ұрпақтары қажырлы еңбек етудің арқасында ырыс-дәулеттері артып, Қамыс-Самар еліне танымал болып, көпшілігі жер бедерлеріне аттарын, артындағы ұрпағымен еліне барынша танымдық өнегелі істерін қалдырып кетті. Одан әрі олардың ісін жалғастырушылар Байтоқаның Қобылан, Тұтқыш, Байназар, Әжібай, Қойлыбай, Майлыбай, Қожаназар, Бопай ұрпақтары Сарыкөл шеңберінен шығып, ені 30-40 шақырым, ұзындығы 60-80 шақырым болатын Бекетай құмының тереңіне ендеп кіріп, жер пайдалану шекарасын едәуір кеңейтті. Бұл істе әсіресе Байтоқаның Аманқұл, Таңатар, Шыңғырлау, Бөрті балалары ұрпақтары басшылық жасап, іскерлік көрсете білді.

Шаруалары өрге өрлеген олар араға 30-даған жылдарды артқа тастап, Қамыс-Самардың шексіз табиғи байлығын игеріп, адам баласына өмір сүруге қажетті материалдық игіліктерді қалыптастырыптастағаннан кейін, олар өздерін Сары Алашалармыз, Сарыкөлдің Сарыбас Алашаларымыз деп кетті. Қалың құм ішінен тұщы су көздерін тауып, қалалық үлгідегі бірнеше қара орындар, мешіт-медресе, сырттан келетін патша өкілдерін құрметтеп, қонақтарды қабылдайтын рухани орталықтар, болыстық дәрежеде демалатын орындар салып, тұрмыс-тіршіліктерінің деңгейлерін жоғарылатты. Бұлардың арасында Байтоқаның Таңатарының саналы ұлдары Байжиен, Жиенәлі, Есәлі, Қосәлі өз қатарларынан ерекшеленіп, ел басқару ісінде көзге түсті. Олардың иелігінде 3 000-ға тарта түйе, 10000-нан астам жылқы малдары болды деседі. Олар алғашқыда құм өңірін кеңінен жайлап, кең көлемде мал өсіру ісін толық жолға қойды. Одан түскен қаражаттарға құм ішінде мекен жайлар, қара орындар тұрғызды. Іргелес қоныстанған Ысықтармен, Байбақты Руының Әлтеке, Жауғашты, Тана руы, Бессары Жиенбет тайпалары адамдарымен тығыз байланыста болып, олармен туыстық қатынастарды нығайтып, терең мәні  бар мағыналы ортаны қалыптастырды. Арғы ғасырдың 70-80 жылдары шамасында өз ортасынан ерекшеленіп ақыл-ой, терең пайым-парасаттың және шексіз ырыс-дәулеттің иесі атанған Есәлінің атағы мен абыройы биіктеп, есімі алысқа тарап тұрды. Барлық мәселелерді шешуде де, басқару ісінің басында да Есәлі болды. Оның сөзін елі де, ағайындары да жерге тастаған жоқ және одан кете алмады. Айналасына ықпалды Есәлі рулық елді басқару ісіне келгеннен соң, ел басқару орталығын Көкбие шоқысы етіп белгіледі. Көкбике шоқысынан солтүстік-батыста Әлтеке бұдыры, Жантелі, Жайнақ, Есмұқай-Қабаш Бөрікшоқы, Сүлеймен шоқысы, Ысық мешіті, Айшуақ, оңтүстік-шығысында Жуан төбе, Тасжирен, Ереймен құмы, Құрал Обасы, шығысында Сонакөз, Ошаған, Шегенді, Әйтен, Балсанталы, Шөкі моласы, Жүнді құдық, Сыралы, Исалы елді мекендері, Есенғұл жазығы, Көк ат соры, Құлын өлген, Тайлақ шарбақ, одан әрі Тойыш моласы, Андрей Кулагиннен бастап Жайыққа дейінгі жерлерді меншіктеп  жайлады. Оның өзінің маңдай терімен, адал еңбек сіңіріп жинаған мындаған түйелері құтты мекен Тайлақ шарбақты мекен етті, малының алды Жайықтан бөлініп қалған терең қара суларға түсіп жатты. Ағасы Байжиеннің баласы Бегешті үлкен аймаққа болыс старшин-правитель етіп сайлатып, оны ел басқару ісіне белсене араластырды. Бегеш Есәлінің ақылын алып, өмірде табандылықпен оны  жүзеге асырды. Талай нәтижелі істердің басында болды. 1883 жылдар шамасында Бегеш 49 жасында кенеттен дүние салды. Бегештің қазасына Есәлі қатты қайғырды. Оған Дендер тауына өзі барып, мәні мен мағынасы жөнінен терең тарихи құндылықты ұғындыра алатын, төрт жағы құран дұғаларымен көмкеріліп жазылған, ауыр да көлемді құлпытасты жасатты.Оны Дендерден үш пар алты атан түйеге жегілген шанаға салып сүйретіп, Көк биедегі Сарыбастар қорымына әкеліп, оның басына орнатты.

Есәлінің азан шақырып қойылған шын аты Исалы болса, оны халық Есәлі, Есәлібай деп атап кеткен. Тарихқа қолжазба, естеліктер жазып қалдырушылардың деректерінде оның аты бірде Есәлі болып аталса, бірде Исалы болып жазылған.Есәлі өзінің кең жайлау жазғы орнын «Сыралы» мен «Көк мешіт» елді мекендері аралығынан анықтап орын тепті. Сол жер бұл күнде әкімшілік картада Исалы деп аталады. Сол жерде отырып жасы ұлғайған шағында ел ақсақалы атанып, Беріш руы Себек тайпасы, Кемесай бөлімі, Байшағыр ұрпағы бөкейліктерге танымал тұлға, қараның ханы атанған, аты шулы Батырбекұлы Бегалі бидің шексіз байлыққа тікелей мұрагер баласы, оның сансыз жылқысының қожасы Сыралы баймен, Себек, Жайык Беріштері және Тума Адайлары адамдарымен Есентемір Еснияз баймен, Төрелер Шөкі, Өрлік, Жалтыр тұқымдарымен іргелес отырып, тығыз қарым-қатынас орнатты. Мұны төңірегіндегілер мен ұрпақтарына табанды жалғастыруды  аманат қылды.

(Жалғасы бар).

Тыныштық Өтешқалиев

өлкетанушы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале