12.12.2019, 19:28
Оқылды: 598

Құмға көмілген тарих немесе Сарыбастар туралы (жалғасы)

Бөкейліктердің алғашқы көшіне ілесіп Қамыс-Самар еліне алғашқы көшіп келушілердің бір тобы – Сарыбастар еді. Сарыбастар – Сары Алашаның Сарыбас бөліміне жататын ру. Олар алғашқы сәтте XIX ғасырдың басында ескі қала Глининск елдімекенінің маңындағы Сары айдын көлінің күншығыс бетіндегі бір шеті Бекбике, Жалаңаш көлі, Мардан, Постройка, Сабен қызылы, Ақмола елді мекендерімен шектесетін ат төбеліндей құмды, бұдырлы, жазықтық (қазіргі Киіз төбе деп аталатын жерге) жерге келіп қоныстанған. Кейіннен осы жер «Сарыбастың шағылы» атауына ие болған.

 

Жалғасы.  Басын оқу үшін осы сөйлемді басыңыз.

Есәлі өзінің туған елін, мекен еткен жерін  Жерұйық санады. Жер бетіндегі адам тынысына пайдалы әсер беретін табиғи жолмен абаттандырылған қалың жынысты, нулы, көгалды, саялы жерді кездестірсе, мынау жерұйықтың өзі деп бағалап, Жаратқанның адам баласына сыйлаған сыйы, барып тұрған жұмақтың өзі, жұмақтың төрі ғой деп айтып жүрген.

Жаңақала өлкетанушылары болыс Бегеш Байжиенұлының қабірінің басында

Жаңақала өлкетанушылары болыс Бегеш Байжиенұлының қабірінің басында

Тірлікте адамның өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне оңды әсерін беретін Жерұйықты, бақилық болғанда жақсы адамның баратын жері жұмаққа теңеп, жасампаз адамзаттың өзіне тән терең философиялық дүниетанымы мен жоғары сана құрайтын ақыл-ойынан туындайтын мәңгілік үлгілі адамгершілік ізгілікті көздеген мақсаттарын жүзеге асыру жолына бағытталған, өмірі мен міндетті қызметін айқындайтын терең түсінік,  бір-біріне тең тұратын, пара-пар ұғымды екі дүниедегі рахатшылықтың төрі деп есептеген. Адам баласына мәңгілік өмірдің жоқ екендігіне көзі жеткен ол, жасы ұлғайған шағында төрде отырып, қатарластарына, өзінен кейінгі ел  адамдарына ризашылық білдіргенде «Жерұйықта» кездескенше деген сөзді жиі-жиі қайталап отырды.

Есәлі 1889-1904 жылдары аралығындағы Қамыс-Самардың билеушісі, төре Бақтыгерей Құлмановпен құдалық қатынаста болып, оған ықпал ете білген адам. Бақтыгерей Құлманов арқылы Теңіз округінің билеушісі,  этнограф, ғалым Мақаш правительмен тікелей қатынаста болды.Ел басына қиын күн туғанда Мақаш правительдің Қамыс-Самарға келуіне байланысты Жаңақазаннан Теңізге кәсіп іздеп жұмысқа баратын адамдарға бас-көз болғайсың деп ел алдына шығып, ел аманатын тапсырған адам. Есәлі өмірде бар арманымен мақсатына жетті. Елдің бірлігін, тілегін тіледі. Көптін  айтуы бойынша, Жаңақазанда салынған құрылыстарға мектеп үйлері, мешіт, балалар үйлерін салуға малдай, ақшалай демеушілік көрсетіп, өз елінде қайырымды да мейірімді, танымал адам бола білді. Бірінші кезекте жетім-жесірлерге, мұқтаж адамдарға көмегін аяған жоқ. Оны өзімнің борышым деп есептеді. Есәлі 1907 жылы 83 жасында туған жері Бекетай құмы, Көкбие шоқысы маңындағы өзінің мекенінде дүние салды. Оның дүниеден өткені туралы хабарды елдегілер жан-жаққа ат шаптырып таратты. Оның денесін арулап, ата-бабалары жерленген Сарыбастар қорымындағы мәңгілік мекені қаражер қойнауына табыс етті. Ар, ұят, намысты өзіне серік етіп, иман мен қанағатты жүрегіне сыйғыза біліп, халқы үшін еңбек етуді парызым деп санап, ел басқарған төрелермен терезесі тең жағдайда ғұмыр кешті. Төрт түлік малдарының саны 99-ға, 999 басқа жеткен жағдайда, бір Аллаға құлшылық етіп, Құран бағыштап, құрбан шалып, ойланбастан 40 бастан төңірегіндегілерді жарылқап, үлестіріп отыруды үнемі дағдыға айналдырған. Осылай істеп отыруды ұлы Тастемірге аманаттап кетті. Есәлі өлгенде хабарды таратушының астындағы атта күннің ыстығымен жердің ауырлығына қарамастан, ұзақ күнге шабыстан шаршасада, сауапты жұмысты атқарғанына риза болды деседі.

Есәлі Таңатарұлының басына қойылған құлпытас

Есәлі Таңатарұлының басына қойылған құлпытас

Оның тірлікте айтқан жақсы сөздері мен халқы үшін жасаған жарқын істері артында қалып, оны көрген және одан кейін замана тізбегінде тұрған аузы дуалы адамдардың пәрменді айтуымен ғасыр асып бізге жетті. Есәлі өлгеннен соң араға ондаған жылдар сала елде орнаған дүрбелең салдарынан оның ұрпақтары атамекенін тастап, бой тасалап, жан-жаққа қоныс аударды.

Есәлінің Зұлқарнайынан тарайтын ұрпақтары Орал қаласы маңын, Тастанбектен тарайтындар Тасқала ауданы Ешкітау (Красненький), Тастемір ұрпақтары Кордон бекеті Битілеу, Жайық өзені бойын паналады.

Тастемір (1870-1935 ж.ж.) Кордон бекеті Битілеу елдімекенінде Жаманқойшы деген атпен өмір сүрген. Битілеу қорымындағы басына қойылған құлпытаста Тастемір Исалыұлы, белгі қойған балалары Сағынгерей, Ғұмар, немересі Тагис делінген. Тастемірдің кемпірі Қаниза 93 жасында қайтыс болған. Кордон бекетінде үй салып, алма бағын отырғызған.

Бір кезде бөкейліктерге аз ел болып келген Сарыбастар ескі Жаңақала ауданы №1 Қара-Самар, №4 Жуантөбе, №5 Көк ат, №18 Мәстексай, №11 Екпінді, №3 Қисық-Қамыс, №6 Толыбай ауылдық кеңестері территориясындағы Калинин, Молотов, Сталин, Жасталап, Жаңаталап, Екпінді, Еңбекші, Ленин, т.б. бірнеше колхоздарда еңбек етіп,бұл күнде Мортық, Қырқопа, Қызылоба, Пятимар, Талдыапанға дейінгі жерлерді қоныстанып, бұл межелерден де асып, бейбіт күннің астында ұрпақтары өсіп-өніп, ғұмыр кешіп жатыр. Арғы ғасырдың орта шебінен бастап тарих сахнасында ерекшеленіп Есәлі бай мен болыс Бегештің, сөз зергері, шешен Аманқұлұлы Бұзаубайдың, Сарыбастардың шежіре тарихын жазып таратушы Қожаназарұлы Бөпежанның аттары халық арасында терең тарап тұрса, өткен ғасырдың басында олар өмір сүрген табиғи ортадан шыққан, жаратылысынан бойына туа біткен ерекше қасиеттерге ие, үй салу ісінің қас шебері, үйші атанған Естайұлы Сейітқалидың, темірден түйін түйген көрікші Әйтіш зергердің, із кесуші Тасым молда ұлы ізші Мұқаштың, белгілі атбегі, халық емшісі, сынықшы Дорба немересі Ысқақұлы Дабыстың, әнші, домбырашы, күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің, қоғам қайраткерлері Ешмұқан Кішаев пен Ғұсман Бегешевтің, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ағайынды ұстаз ардагерлер Қапсен, Ақон Жәрдемовтердің, ерен еңбектің майталманы, тыл ардагері Боранбай Мұқышевтың есімдері елге кеңінен танымал болды.

Жаңақала топырағы табанынан жаралып, өз халқының қажетіне жарап, абыройлы қызмет атқарып, тамаша еңбектің үлгісін көрсеткендер қатарында Социалистік Еңбек Ері Жаңылдық Баймұханова (1948 ж.), Әбіл Мұқанғалиев, Орынбай Оразов, Қайырғали Боранбаев, Мизамғали Мылқайдаров, Сапарғали Иқсанов, Талапқали Қойшығалиев, Райдолла Сәуірбаев, Жақсылық Тілекқабылов, Ақжайық ауданы Чуйков колхозының Тұлпар ірі қара малын бордақылау бригадасының ұстаз бригадиры, Қазақстан компартиясы XVI, XVIII съездерінің делегаты, Октябрь Революциясы, Құрмет белгісі ордендерінің иегері Аманжол Темірғазиевтің және ғылым, өндіріс саласында еңбек еткендер қатарында тау-кен инженері Мақсот Кішаев пен ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты Алдаберген Өтешқалиев, тағы басқалардың есімдері өз елдерінде мақтанышпен аталуда.

Тыныштық Өтешқалиев,

өлкетанушы

Жаңақала ауданы 

 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале