19.08.2019, 16:43
Оқылды: 300

Құрайлысайлықтар сазгерін еске алды

Ақжайық ауданында өнермен егіз туған өнерпаз көп. Солардың бірі – әуесқой сазгер, «ҚР білім беру ісінің үздігі», еңбек ардагері құрайлысайлық Жасталап Қуанғалиұлы. Осы бір аяулы жанның есімі аталса, көп адамның көкірегінде ән сайрап қоя береді. «Жақсының аты өлмейді» демекші, сазгердің туғанына 80 жыл толуына орай Құрайлысай ауылдық округі Жұбан ауылында еске алу кеші өтті.

DSC_0046

Айтулы күнге орай ауылдық Мәдениет үйінің қабырғасына Ж.Қуанғалиұлының мемориалдық тақтасы орнатылды. Өнер иесін бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталған шағын митингіні еңбек ардагері Тілекқабыл Жауынбаев сұлу сөздерімен сабақтады.

         –Талай өнерпаздың бағын ашқан Жасталап Қуанғалиұлы сонау алпысыншы жылдардан өнердегі ілкімді істерімен бірден халыққа танылды. Онсыз ешқандай мәдени шара, басқосу өтпейтін. Ол осы ауылда ең алғаш рет домбыра үйірмесін ұйымдастырып, тұңғыш домбыра оркестрін ашты. Өлеңтінің даласын әнмен тербетті. Ағамыздың есімі жадымызда мәңгі жаңғырады,-деді.

         Мәдениет үйіндегі көрмеден меймандар Ж.Қуанғалиұлы туралы жинақталған мол деректермен танысты. «Қыран дала сазгері» атты еске алу кешіне аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, сазгердің төл шәкірті, Орал қалалық жастар мәдениет сарайының директоры Серік Қайырлиев, Жасталап ағаның зайыбы Мәрия ана, бала-келіндері, немере-жиендері, ауыл тұрғындары қатысты.

DSC_0041

         Тағылымды шара марқұмның өмірдеректерінен дайындалған бейнероликпен айшықтала түсті. 1939 жылдың 17 тамызында бұрынғы Тайпақ ауданына қарасты Сайқұдық ауылында дүниеге келген сазгер талай өмір өткелдерінен өткен. Жасынан өнерге әуес болып, 5-6 жасынан ән сала бастаған. Баланың қабілетін байқаған ауылдастары оған қолдау білдіріп жүрді. Тіпті, есенсайлық Кәрім Сәпиев жас өнерпазға ағаштан домбыра ойып берген. Бұл қамқорлық бала қиялына қанат бітіргені сөзсіз. Дала дарыны нотаны өз бетімен үйреніпті. Оған сол кездегі түрлі басылымдарда жарық көрген Ахмет Жұбановтың «Домбыра үйрену мектебі» мақаласы себеп болады. Әрдайым ізденіспен жүрген ол ақыры мақсатына жетіп, мандолин, скрипка, гармон, баян аспаптарын еркін меңгеріп алған.

         Сахна төрінде сазгермен тығыз шығармашылық байланыста болған ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай өнер иесінің шығармашылығына талдау жасады. Баяндамашы сазгердің мінезге бай болғанын, өнерге шын берілгенін, қазақтың маңдай алды күйші, композиторларының туындыларын жүрекпен сезініп, жетік білгенін әңгімеледі.

         Еске алу кешінде тұщымды пікір, жақсы естеліктер айтылды. Жаны жайсаң ағаны жоқтаған замандастары, өнердегі сапарластары жүрек түкпіріндегі сезімдерін ақтарды. Кезінде ағамен жұмыстас болған еңбек ардагері Қанат Оразғалиев бала кезінде ағаның мол тәлім-тәрбиесін көргенін, өзіне тәлімгер болғанын жеткізді. Жерлестері «Құрайлысайдың Қалдаяқовы» деп атап кеткен қадірлі өнер иесінің жүріп өткен жолдарын да тілге тиек етті.

DSC_0105

         Қалдаяқов демекші, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов бұл кісінің өнерімен етене таныс болыпты. Оған дәлелді сазгердің еске алу кешінде  қойылған көрме сөрелерінен орын тепкен Шәмшінің естеліктерінен таптық. «Әуесқой композиторлардың кәсіптері де сан алуан. Біреулері колхоз, совхозда еңбек етсе, енді біреулері өнеркәсіпті қалаларда тұрады. ...Семей облысының Жарма ауданынан Сапарбек Әшімбеков, Батыс Қазақстан облысынан Жасталап Қуанғалиев осы өнерге шын беріліп, ізденіп жүрген жастар»,-деп бағалайды өнерпаздарды.

         Сазгер туындысының өміршеңдігі әрине, әннің сөзіне байланысты. Ж.Қуанғалиев әнге сөз жаздыруда талғамы жоғары адам болған. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Мұқағали Мақатаев сынды біртуарлардың сөздеріне бірнеше ән жазған. Сонымен қатар өңірімізге белгілі Зәкәрия Сисенғалиев, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы сынды ақындармен шығармашылық байланыста болған.

         Ағамен қызметтес бола білген Науқан Есенәлиев сахна мінберінен екеуінің алғаш музыкалық аспаптарды ойнауды үйренгенін, өмірдегі, өнердегі сыйластықты айтты. Сонымен қатар Мәулет Жұбатов, шәкірті Серік Қайырлиев сазгердің өнерге қосқан өлшеусіз үлесін сөз етіп, белгілі суретші Нұртай Жәрдемов салған Ж.Қуанғалиевтың суретін ауылдың мәдениет үйіне тарту етті.

         Осында сөз алған Тілек Ғабдушев ардақты сазгерге аудан халқының құрметі әрқашан ерек болғанын айтты. Ағаның отбасына, ұрпағына амандық тілеп, оның өмірлік серігі Мәрия апаның иығына ақ жаулық жапты.

         –Осынау қаумалаған халқы барда Жасталап ел есінде мәңгі сақталады деп ойлаймын. Шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген, атсалысқан баршаға, ауылдастарға аналық алғысымды арнаймын,-деді Мәрия ана ағынан жарылып.

         Еске алу кешінде сазгердің ұлдары Инабат, Әсет Қуанғалиевтер, жиені Есей Аяпқалиев, немерелері Інжу, Ақторғын, Жайна, мәдениет саласының үздігі Болат Төресаев, республикалық байқаулардың лауреаты Ақмарал Ахметова, Камал Орынбаев, шәкірттері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншілері Қуаныш Құспанов, Асланбек Жұмабаев, ауданның мәдениет қызметкерлері Асылан Бақтығалиев, Дәулет Шәмеловтар Ж. Қуанғалиевтің түрлі тақырыптардағы әндерін әуелетті. Ақын Сағынтай Бисенғалиев, жас айтыскер Мейірман Шәкенов, сазгердің жиені Мархабат Байырова жүрекжарды жырларын оқыды.

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале