12.04.2019, 14:50
Оқылды: 34

«Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесіне қанағаттанбаймын»

2012-2015 жылдары Сырым ауданы бойынша 8 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жасалғанын, негізгі мақсат - азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мен олардың тұрғын үй жайлылығы деңгейін жоғарылату екендігі айтпаса да түсінікті.

IMG_20190412_115410

-Оны түсінеміз. Бірақ түсініксіз мәселелер де бар! – дейді Жымпиты ауылы, Ә.Молдағұлова көшесі, №1 үйдің тұрғыны Гальджиган Абдульманова.

         Бүгін зейнеткердің үйіне барып, сол түсініксіз мәселені түсінуге тырыстық.

IMG_20190412_115519

         Галя апа (ауылдастары солай атайды) Ә.Молдағұлова көшесі, №1 мекенжайындағы көп пәтерлі тұрғын үйде 1977 жылдан бері тұрады. Үй мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделді. Жөнделді дегенде, үйдің шатыры, пәтерлердің терезелері және подъездің кіреберіс есігі ауыстырылды. Қосалқы есік кеңес үкіметі кезінде қалай тұрды, дәл сол күйінде қалды. Ауылға ажар беріп тұрсын деп, үйлердің сырты әдемі түске боялды. Галя апай енді осы жұмыс үшін мемлекетке 15 жылдың ішінде 1 400 000 теңге қаражат төлеуі керек.

         -Көзіме көрініп тұрған сапалы жұмыс болса, жұмыс өзінің қақына тұратын болса, төлер едім. Мен күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесіне қанағаттанбаймын. Сондықтан келісімшарт бойынша есептелген төлемақы сомасымен келіспеймін. Қайта есептеуді сұраймын,-дейді ол кісі.

Осы мәселеге қатысты «Жымпиты Сервис» ЖШС директоры Асхат Ганиевтен анықтама сұрадық. Директордың айтуынша, Сырым ауданы Жымпиты ауылы, Ә.Молдағұлова көшесі, №1 үйдегі пәтерлердің иелерімен осы мекенжай бойынша ортақ меншіктегі кондоминиум нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 11 490 552 теңгенің келісімшартын 2014 жылы «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қарыз беру тәртібімен жасасқан екен. Оның ішінде 7 пәтердің иесі Г.Абдульмановаға қатысты жасалған күрделі жөндеу жұмыстарының бағасы 1 410 372 теңгені немесе жалпы қарыздың 12,27 пайызын құраған. Күрделі жөндеу жұмыстарының ешқандай игілігін көргенім жоқ, деген Г.Абдульманова «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасаудан бас тартыпты.

Акционерлік қоғам мен «Жымпиты Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екеуара жасасқан 2015 жылдың 10 тамызы күні талап ету құқығын беру туралы №5 келісімге сай, қарызгерлерден берешектерді өндіруді жүзеге асыру міндеті «Жымпиты Сервис» серіктестігіне өтеді. Осы құзіретін пайдаланып, «Жымпиты Сервис» ЖШС 2017 жылы Сырым аудандық сотына Г.Абдульманованы мәжбүрлеп келісімшартқа отырғызу жөнінде талап арыз береді, ол арызды сот шешімі қанағаттандырусыз қалдырады.

IMG_20190412_115218

Бұл мәселеде екі тараптың да талабы түсінікті. Галя апай жасалған жұмыстар өзінің құнын ақтамайды деген талаппен төлем жасаудан бас тартады. «Жымпиты Сервис» мекемесі жасалған жөндеудің шығынын әрбір пәтердің иесінен тиесіліні өндіргісі келеді. Бұл жерде Галя апай «Мен келісімшарт жасаған жоқпын!» деген күннің өзінде, дәл осы талап заңның алдында қауқарсыз болып қалып тұр. Өйткені, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 35 бабында үй-жайлардың (пәтерлердің иелері) «Үй - жайлардың (пәтерлердің) ортақ мүлік пен үйді күтіп ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға міндетті, ортақ мүліктің және дара (бөлек) меншіктегі үй жайлардың сақталуы мен қауіпсіз пайдалануына жауапты болады» делінген. Оның үстіне, пәтер иелерінің 65 пайызының пікірі толық шешім болып табылатыны тағы бар. Кондоминиум дегеннің бір пәлесі – осы.

«Жымпиты Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асхат Ганиевтің айтуынша, қазіргі кезде Ә.Молдағұлова көшесі №1 үйдегі 7-пәтердің иесі Гальджиган Абдульмановадан бөлек, тағы 4 бірдей пәтердің иесі келісімшарт жасаудан бас тартып отыр. Жасалған келісімшарттың талаптарын орындамай отырғандар да бар. Ай сайынғы төлемақыны төлемеген 7 пәтер иесінің бюджетке берешек сомасы 4 млн теңгеден асқан.

Бұл мәселе Сырым ауданы әкімдігінің де күн тәртібінде тұр екен, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов Галя апайдың үйінде болып, басқа да тұрғындармен жолығып, жағдаймен танысыпты. Біздер екі тараптың, яғни, жөндеуге көңілі толмаған пәтер иелерінің де, өзінің еңбегінің ақысын талап еткен мекеменің де жағдайын тең баяндауға тырыстық. Мәселе өзара мәмілемен шешіледі. Түсініскен мәміле болмаса, дауласудың, соттасудың да нәтижесі болмайды. Сондықтан, мекеме тұрғындардың жағдайын ұғуға тырысса, ал тұрғындар тиісті мекеменің талабымен санасса дейміз.

Бұл айналада мәміле мен кішіпейілділіктің де керемет көріністері бар. Мәселен, жаңа біз сөз қылған Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғындары Жымпиты ауылдық округінің әкім Арман Баяндықовтың ауыл тазалығын сақтаудағы еңбегіне ерекше баға беріп отыр. № 1 үйдің тұрғыны Тұрсынгүл Белялова осыдан екі-үш жыл бұрын, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үйдің ауласына 25 түп жеміс ағашын отырғызып, ауылдастарына жақсы үлгі көрсеткен еді. Ауыл әкімі Арман Баяндықов осы мамырда ағаштарды әдемі шарбақпен қоршап беремін деп отыр.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

IMG_20190412_115418

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале