22.04.2019, 12:10
Оқылды: 44

Күресте сырымдық қыздардың қарымы мықты

Оралда самбо күресінен өткен «Жас динамошы» атты республикалық турнирде Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Айтқали Ахметқайыров чемпион, Жасұлан Амандық пен Азат Есенов ІІ орынның иегері атанып, Сырым ауданының командасы жалпы командалық есеп бойынша ІІІ орын алды, деп олардың жаттықтырушысы Ержан Шүкіров хабарлаған болатын.

IMG-20190422-WA0004

         Бұл мәліметті ақпарат беттеріне дайындап болғанымызша, ауданның жас балуандары жаңа жеңіске жетіп үлгерді. Біздер тізіп берейік, сіздер тамсанып отырыңыздар.

         Біздің жас балуандар үшін спорт ардагері, самбо күресінен спорт шеберлері арасында Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Тілекқабыл Қамзиевтің атындағы республикалық турнир де табысты болды. Бұл жарыста Ержан Шүкіров жаттықтыратын Өтеген Зерхан 40 келі салмақ дәрежесі бойынша І орын, Аяна Қайдарова 47 келіден ІІІ орын алды. Ізбасар Әли 84 келі балуандар арасында чемпион атанса, Мақсат Сүйінғали (60) мен Диас Гельманов (60 келі) ІІ орынға ие болды. Мәулет Қожахметов жаттықтыратын Құрманғали Севиль 43 келі бойынша қола жүлдегер атанды.

         Былтыр ғана ашылған Тасқұдық ауылындағы күрес үйірмесінің да аты ауылдан асып шығып, өңірге жаңа есімдерді таныстыра бастағаны қуантады. Өркен Бисеновтың шәкірті Аягөз Сәрсенбаева Қамзиевтің турнирінде 40 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орын алып, республикалық дәрежедегі жүлдегер атанды. Тасқұдықтың тастай бекінген балуан қызы Ақбота Шынбергенова Ақсай қаласында өткен БҚО-ның чемпионатында күміс жүлдегер атанса, оның ауылдасы Сара Ибатуллина да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қыздардың бозкілемдегі қарымына қарап мінез бен рух, сосын барып күш сыналатын күрес спорты сырымдық қыздарға да жат емес екенін түсінеміз. Тасқұдықтың екі балуан қызынан бөлек, Ержан Шүкіровтың шәкірті Гүлназ Максим мен Мәулет Қожахметов баулыған Севиль Құрманғали осы жарыста өз салмақтары бойынша ІІІ орын алды. Облыс чемпионатында Айбол Оразғалиев жаттықтыратын Әлішер Ғабдолов 40 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІ орынға ілікті, ал РақымжанЖалғас 46 келі балуандар бәсекесінде қола жүлдені қанжығаға байлады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

IMG-20190422-WA0005 IMG-20190422-WA0006 IMG-20190422-WA0025 IMG-20190422-WA0026

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале