23.04.2018, 9:29
Оқылды: 38

Құрманғазының 200 жылдығына орай ғылыми экспедиция өз жұмысын бастады

31131045_2037121919942633_343267630287320540_nБүгін Қаратөбе ауданына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 1 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясындағы халықаралық ғылыми экспедиция өз жұмысын бастамақ.

 Экспедиция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысады.

Экспедиция бастауын ХІХ ғасырда Бөкей хандығына аты жайылған, күй жарысында аса дарынды күйші ретінде жүлдені өзгеге бермейтін, қара домбыраның шанағынан күй саулатқан Құрманғазының өнердегі ұстазы Ұзақ күйшінің мәңгілік тыныс тапқан жері Қаратөбе ауданынан бастау алуы да өнердің өміршеңдігін көрсетеді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұлы бабаның 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбегіне енгізді.
Басты атап кетерлігі, экспедиция мүшелері 23-29 сәуір аралығында БҚО-ның Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов (Көктерек ауылы) аудандары, Ресей Федерациясының Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылында бабалар мұрасын ұлықтауда ғылыми-танымдық, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Экспедиция мүшелері құрамында БҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, ғылыми экспедицияның жетекшілері, ардагер журналист, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, күйші, домбыра жасау шебері, «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұғалімдері, Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің өкілдері, өлкетанушылар, мәдениет саласы қызметкерлері бар.

Ғылыми-экспедициясының маршруты Қаратөбе ауданы – Жаңақала ауданы – Қазталов ауданы Көктерек ауылы – Бөкей ордасы ауданы – Ресей мемлекетінің Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылдарын қамтиды.
Айта кету керек, экспедиция құрамы Қаратөбе ауданында қарасты Аққозы ауылдық округіндегі Ақтұлым жерінде орын тепкен Құрманғазы бабамыздың ұстазы Ұзақ баба кесенесіне тағзым етіп, құран бағыштамақ.
Кесене маңына жас көшеттер отырғызу жоспарда бар.

Қаратөбе ауданындағы экспедиция жұмысы одан соң "Қос ішектегі құдірет" атты дөңгелек үстелмен жалғаспақ.

 Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале