2.12.2020, 9:24
Оқылды: 31

Құрметке лайықты

Әр адамның өрлеу жолы ынсапсыз еңбекке негізделгені хақ. Біз әңгіме еткелі отырған Әлібек Сәрсенбаев 1981 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік ауылшаруашылық институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдаған соң, Орал облыстық сақтандыру басқармасының инспекторы боп алғашқы еңбек жолын бастайды.

2226AA9A-197F-47AF-8AA8-12DC1EFA820E

Ал 1982 жылы Камен (Тасқала) ауданы Степной (Оян) совхозының №47 фермасына агроном, 1983 жылы «Сельхозхимия» аудандық өндірістік бірлестік төрағасының орынбасары сынды лауазымды қызметтерде істеп, демде қабілет-қарымының жоғарылығымен қызметте сатылап көтеріле бастайды. Әртүрлі қызметте басшылық тізгінді ұстаған іскер азамат 1992 жылдан «Алтын дән» шаруа қожалығын ашып, бүгінде сол жеке шаруашылықтың қожайыны.

Әлібек Нәубетұлы 1996 жылдан бастап «Шипов элеваторы» акционерлік қоғамының, 2004 жылдан бастап «Тасқала-Дән» ЖШС-і болып өзгертілген кәсіпорынның директоры қызметін абыройлы атқаруда. Алған бетінен қайтпайтын қайсар азамат бұл шаруашылықтың тасын өрге домалатып, қалыпты жұмыс ырғағын қалыптастырғанын айтпай кетуге болмас. Ауылшаруашылық өндірушілерінен бидай мен тұқымды қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау және сапалы түрде сақталуын қадағалап, тиісті орынға жеткізу сынды жауапкершілік жүктейтін жұмыстарды да мінсіз атқарып келеді.

Нағыз сапалы еңбек үрдісін қалыптастырған «Тасқала-Дән» ЖШС-і бүгінде аудандағы ең ірі кәсіпорынның бірі. Бұл кәсіпорынның инновациялық жұмысы 2011 жылы Халықаралық Жаңғыру және Даму банкінің қайтарымсыз (грантын) несиесін ұтып алғаны көпшілікке мәлім. Әлемдік тәжірибе алмасу мақсатында Әлібек Нәубетұлы делегация құрамында Солтүстік Американың ауылшаруашылық штатында Фарго қаласында өткен «Биг Айрон Фарм» көрмесі шегіндегі арнайы «шетелдік қатысушылар үшін» бағдарламаға қатысты және ерекше ауылшаруашылық құралдар көрмесін көру мүмкіндігіне қол жеткізді. Мұның өзі іскер азаматтың алдынан айқарыла ашылған даңғыл жол екені сөзсіз.

Бүгінде «Тасқала-Дән» ЖШС менеджментінің басты бағыттарының бірі әлеуметтік саясат. Жыл сайын кәсіпорынның тұрақты түрде қарттар үйіне, жазғы сауықтыру лагеріне, мешітке қаржылай көмек қолын созып, «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол», «Қайырымдылық айлығы» акциялары шеңберінде көрсеткен қайырымдылық көмектері қаншама?!

Адамдығы биік азамат сонымен бірге өзінің қызметкерлеріне де көп көңіл бөледі. Үнемі еңбек жағдайын жақсартуға тырысып, материалдық көмектер көрсетеді. Ынталандыру сыйлығын да ұмыт қалдырмайды. Сондай-ақ іскер басшының тұрақты түрде жақсарып отырған әлеуметтік саясаты бағаланып, 2010 жылы «Парыз» әлеуметтік жауапкершіліктің республикалық конкурсын «Ең үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша жеңіп алғанын айта кеткен ләзім. Өзінің өмір жолын ауыл шаруашылығына арнаған Әлібек Нәубетұлының ел игілігі үшін бағаланған еңбектері бір төбе. Атап айтар болсақ, «Астанаға – 10 жыл!» меділін өңіріне қадаса, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі, 2013 жылы ҚР Ұлттық бизнес рейтингтің шешімімен «Қазақстан даңқы» ордені және көптеген облыстық, республикалық алғысхаттарға ие болды. Бұл, әрине, халқына қалтықсыз еңбек еткен іскер азаматтың еңбегінің лайықты бағалануы екені сөзсіз. Тағы бір ауыз толтырып айтар болсақ, Әлібек Нәубетұлы 2007 жылдан бері үш шақырылым бойынша аудандық мәслихат депутаты және аудан бюджеті мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы қызметін де атқарып келеді. Атап айтар болсақ, ол сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жастарды жұмысқа орналастыру, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүмкіндіктері шектеулі жандарға ұдайы көмек қолын созудан жаңылған емес. 2014 жылы «Қазақстан мәслихатына – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2015 жылы «Қазақстан конституциясына – 20 жыл!» төсбелгісімен, 2016 жылы БҚО Құрмет грамотасымен марапатталғаны сөзімізге дәлел. Қазақстанның тәуелсіздігі мен біртұтастығын сақтауға, ауданның саяси-әлеуметік және рухани дамуына қосқан сүбелі үлесі және бейбіт заман кезінде аудан халқының игілігіне қамқорлық, азаматтық парызын өтеу барысында айрықша көзге түскені үшін Әлібек Нәубетұлына «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл еліне сыйлы, беделді жанға берілген әділ баға еді.

Әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, ұдайы тәжірибе алмасып отыратын кісілік келбеті де көпке өнеге. Өз мамандығын жетік меңгерген білікті басшы аудан ғана емес, облыста да беделге ие. Зейнет жасына толған қадірлі азаматты аудан әкімі А.Халелов құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Бұл оның қалтықсыз еңбегіне деген құрмет екені сөзсіз. «Жақсы арына құл, жаман малына құл» дегендей, әр адам артына қалдырар ісімен дараланары хақ.

Т.Тек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале