12.05.2017, 12:19
Оқылды: 58

Құрылыс нысандарын комиссия тексеріп жүр

Akjayik bakilau komisia saparda jyr   «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы жанынан құрылған бақылау комиссиясы өз жоспарына сай, кезекті шаралар жүргізді.


   Комиссия төрағасы Мәлік Мұхтар, аталған филиал төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин, Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Светлана Оразова үшін бұл жыл да қауырт қам-қарекетке толы болғалы тұр. Өйткені, биыл да ауылдарда құрылыс ауқымы аз емес.

       Аудан орталығы Чапаевта салынып жатқан, құны 12 496,7 мың теңге болатын дене шынықтыру және спорт алаңы құрылысының жұмысымен танысты. Құрылыс алаңында мердігер «Жайық Сити» ЖШС-нің өкілдерімен әңгімеде істің сапасына қатысты кеңінен айтылды. Учаске шебері Дәулет Айтқалиевтың айтуынша, 19 сәуірде басталған алаң құрылысы 2 айдан кейін мәреленбек. Ұзындығы 36, ені 18 метр, биіктігі 4 метр құрылыста 6 жұмысшы еңбек етуде. Мұнда волейбол, футбол, баскетбол, теннис ойындарының алаңы орналасады.

     Сондай-ақ, аталған комиссия Қабыршақты ауылдық округінің орталығы – «1 Май» ауылындағы су құбыры құрылысының барысын байқастады. Жоба бойынша, 206 тұрғын үйді желіге қосу көзделген құбырдың ұзындығы 10 километр болып табылады. Бүгінге 1700 метр ұра қазылып, осыншама дерлік ұзындыққа құбыр төселді. Мердігер «БатысСтройСервис» ЖШС учаске мастері Есенгелді Сисенғалиев өздерімен бірге жергілікті жігіттер де жұмысқа қосылғанын, маңызды құрылысқа қажетті күш-құрал жеткілікті болуы үшін барлық амал алынып жатқанын, бүкіл технологияны сақтау басты қаперде екенін әңгімеледі.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале