10.07.2020, 10:13
Оқылды: 473

Қырқопаға мәдениет үйі керек

Қырқопа ауылы – Жаңақала ауданындағы ең жас округ. Жас болса да өзгеге үлгі болатындай шаруасы оңды, жері қомды һəм шұрайлы округ. Қырқопа ауылына табанымыз тиген сайын табиғаты тұнып тұрған өлкенің тамаша келбетіне көңіліміз толатын. Ауыл тұрғындарының бірлігі мен ұйымшылдығына да сырттай қызығып жүретінбіз. Десек те, қым-қуыт күйбең тіршілік болған соң түрлі түйткілдердің де болатыны заңдылық. Алақандай ауылда да Алатаудай проблема бар...

B05CF7A2-3C6A-4619-ABFC-DE59635346EA

Айтар болсақ, ауыл тұрғындарын алаңдататын ахуал аз емес екен. Соның бірі – Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің бүгінгі жай-күйі.

A64F7B1E-9D0B-42F4-83F5-47F94291F93D

Қырқопадағы мәдениет үйінің салынып, пайдалануға берілгеніне 40 жылға жуықтапты. Осы мақаланы жазу барысында округтегі мәдениет ошағына арнайы барып, қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен тілдескен едік.

Қырқопалықтар мәдениет үйінің күрделі жөнделгенін емес, жаңадан салынғанын қалайды

- Қырқопа ауылдық мәдениет үйінде 32 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келемін. Мәдениет үйі 1981 жылы салынып, 1982 жылы пайдалануға берілді. Содан 2004 жылы ғана жай жөндеуден өтті. Расы керек, одан бері ешқандай жөндеу көрген жоқ. Жылда өзіміз  қаржы жинап, ақтап-сырлап қоямыз. Қыста салқын. Мәдениет үйі апаттық жағдайда тұр. Оны жұрттың бәрі біледі. Сондықтан жаңадан мәдениет үйін салу керек деп ойлаймыз. Нағыз оған мүмкіндік болмаса, күрделі жөндеуден өткізіп берсе екен,-дейді Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ақтолқын Қуанғалиева.

- Бала күнімізден өнерге өте жақын болдық. Ауыл мәдениет үйінің сахнасына шығып, талай концерттерге, қойылымдарға қатысып жүрдік. Бала көңілімізге ол кезде бәрі жақсы көрінетін. Бүгінгі таңда ауыл мәдениет үйінің жағдайы сын көтермейді. Оң жақ қабырғасы шалқайып, сол жағы еңкейіп тұр...

6462C816-CA40-4215-BB01-2D443724D39E

Төбесінің де сапасы мәз емес. Құдай сақтасын. Дегенмен алда-жалда төбесі опырылып кетсе, адам баласы зардап шегуі ықтимал. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, ауылымызға жанымыз ашығасын да осы жайттарды жасырмай айтып жүрміз. Талайды тамсандырған талантты ұландар мен дарынды өрендердің осы топырақтан шыққаны белгілі. Сол себепті ескіні жөндеп, жамап-жасқай бермей, ауылға жаңа типтегі мәдениет үйін салып берсе деген ұсынысымыз бар,- дейді ауыл тұрғыны Амангелді Тархипұлы.

841A2C0F-0162-4D21-8BE0-4BFE90BB2382

Әлқисса, ауыл тұрғындары айтса, айтқандай мәдениет үйінің бүгінгі халі адам аярлықтай. Көңілге кірбің түсіретін тұстары да жоқ емес екен. Қабырғасына анықтап қарасаңыз сыртқы бетінде де, ішкі бетінде де жарылып тұрған жерлері кездеседі. Төбесінің жағдайы да мүшкіл. Сықырлаған едені «қартайып», әбден шаршаған. Терезелері де тап керім емес. Мәденет үйі мен бу қазандығы жапсарлас, бірге салынғандығы да көңілге кірбің ұялатады. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының қора-қопсылары да мәдениет үйіне тым жақын орналасқан. Бір сөзбен айтқанда өнер ордасының болашағы бұлыңғыр.

«Қырқопа ауылдық мәдениет үйі неге күрделі жөндеуден өтпейді?», «Жаңа мәдениет үйін салу жоспарда бар ма?» деген секілді сауалдарға жауап іздеп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатұлына хабарластық.

 - Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Жаңажол ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталған болатын. Сонымен қатар Мәстексай ауылдық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып тұр. Қырқопа ауылдық мәдениет үйіне келер болсақ, мәдениет үйі 1981 жылы салынып, 1982 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың көлемі – 1670, жалпы алаңы – 401,5. Ғимарат қабырғалары саманнан салынған. 2004 жылы жай жөндеуден өткізілген. 2020 жылы Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, 2021 жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда,-дейді ол.

Түйін

Иә, мәдениет саласы білім, денсаулық сақтау сияқты «приоритетный» салаға жатпайды. Бұл саланың көп ретте шөміштен қағылатыны да, басына тартсаң аяғы ашылып қала беретіні де ақиқат. Аудандағыларды да «не қарап отырсыңдар?» деп кінәлауға болмас. Оларға қозғау салып, құлағдар еттік. Олар алашапқын болғанымен де мәдениет үйінің қалыпқа келуі қаржы деген дөкейдің қолында. Сергей Капицаның «Адамдарға мәдениетті таяқпен болса да үйретуіміз керек, әйтпесе күйрейміз» деген пікіріне зер салайық. Бұдан шығатын қорытынды: экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз қанша жерден мықты болғанымен ұлттық құндылығымыз құлдыраса еш биікке жетпейміз. Сондықтан да Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің бүгінгі жай-күйі айрықша көңіл бөлетін әрі уақыт күттірмейтін межелі мәселе болуы керек.

Алтынбек Серікқалиұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Ербол Ақбасов, әнші-сазгер (Қырқопа ауылының тумасы):

3D76B3B7-2E1C-44A0-9F87-E106DD18DEB8

- Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің қазіргі ахуалы өте нашар.  Көптен жөндеу көрмеген мәдениет үйіне жан-жақты көңіл бөліну қажет деп есептеймін. Ел ағалары осы мәселеге дұрыс көзқарас танытып, күрделі жөндеуге қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда «Ауылға мәдениет үйі керек пе?» деген сауал туындауы мүмкін. Әрине, керек. Осы мәдениет үйінен нәр алып, алғаш микрофон ұстап, сахнасында өнер көрсетіп, әнімізді айтып өстік. Бүгінде өнер адамы болсақ, азды-көпті елге танылсақ, соның ішінде ауыл мәдениет үйінің де үлесі бар. Елдің абыройы мен елге келетін қонақ үшін, жалпы жергілікті халық рухани азық алуы үшін мәдениет үйі болғаны дұрыс. Себебі мәдениет үйінде түрлі мерекелік шаралар, кең көлемді басқосулар, ауқымды жиындар, тағылымды кештер өтеді.

Ел үшін жасалып жатқан игі істер көп. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Айтпағым, әр адамның, әр ауыл тұрғынының рухани азық алатын орны болуы керек. Өйткені мәдениет қоғам келбетінің айнасы. Рухани құндылық, яғни адами асқақ рух бар жерде кез келген тығырықтан шығуға болады. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын болмақ.

 Қамбар Қаменов, ауыл тұрғыны:

3E6B9130-B3FD-4798-8586-DADD3C39EC79

- Ауыл мәдениет үйіне басшылықтан көмек сұраймыз. Оң көзқарас танытытып, күрделі жөндеуден өткізіп берсе, ауыл халқы қуанар еді. Әйтпесе, түрлі шараларды тамашалау барысында төбеңнен топырақ түседі, қыста іші жылынбайды. Төбесі құлап кете ме деп қорқып отырамыз. Бала-шағаға зияны тисе обал ғой.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале