14.01.2021, 15:05
Оқылды: 133

Қыс қызығы

Қыс мезгіліне байланысты ел арасында қызықты деректер көп. Мәселен, желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз «Қырбастың қызылы» деп аталады. Сондай-ақ, қазақ даласында желтоқсан айының қатты боран соғатын соңғы онкүндігі киік текесінің ұрғашысын қашыратын кезең деп аталған. Желтоқсан айындағы бұл боранды «Теке бұрқылдақ», «Текенің бұрқағы» деп атауы да содан болса керек.  

 қаңтар (2)

Қаңтар айымен бірге келетін ауа райының өзгерісі, қардың қалың жауып, боран болуы – «Қыс шілдесі» деп аталған. Ол кезді қыстың күшіне еніп, сақылдаған сары аязбен байланыстырған. Ал қалың қардың астында қалған қыстың ұзақ түндерін «Алатаң қыс» деп атап кеткен. Бұндай түндерде ауылдағы малдардың шығынға ұшырау қаупі болған деседі.

қаңтар (12)«Қаңтар» түрік сөзінен шыққан, күннің қысқарып қаңтарылып тұрып қалуына байланысты пайда болған ұғым. Қыстың екінші айына байланысты халық арасында "қаңтарда күн қарға адым ұзарады" деген сөз бар.

Бұл айда күннің көзі аспанның оңтүстік бөлігінде ең биік деңгейде тұрады. Оның жыл ішіндегі ең биік қалыпта болатын кезі – жазғы күн тоқырау (22 маусым), ең төмен болатын кезі қысқы күн тоқырау (22 желтоқсан). Қаңтарда күн қысқарып, түн ұзаруына байланысты ежелгі түріктер безбеннің бір басы көтеріліп, екінші басы төмендеп барып тоқтағанына қарап безбен таразысының таяғын «қаңтар» деп атаған.

қаңтар (10)

Қаңтарда күн құлақтанып шықса, не боран соғады, не аяз болады. Күн құлақтанып батса, ауа райы жылынуға тиісті деген сенімдер бар. Соған сәйкес біздің ата-бабаларымызда: «Ертеңгі Күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық, кешкі Күн құлақтанса, келінің ұл тапқандай қуан», - деген сөз тараған.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале