19.06.2018, 22:18
Оқылды: 32

"Қысқа ғұмыр" қазталовтық көрерменнің көңілінен шықты

IMG_1939(1)Күні кеше ғана Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» атты мұңды комедиясын қазталовтық ағайынның назарына ұсынды. Зымырап өтіп жатқан қамшының сабындай қысқа ғұмырымыз көз алдымызға оралды. Күлдік те, жыладық та.

Жалпы, оқиға желісі төсек тартып қалған қарт (Салауат Түменов) пен оның кемпірінің (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытгүл Жақыпова) өмір жолдары хақында баяндалады. Сырқат қартымыз түсінде «ажалмен» бетпе-бет кездесіп, «ажал» оған өмірінің таусылуына үш-ақ сағат қалғандығын ескертіп, «осы уақыт аралығында сауапты іс қыл» дейді. Сонда ғана қарттың ғұмыры да ұзармақшы. Сөйтіп, кемпірі екеуі «қандай сауапты іс тындырамыз» деп ойланып, бір сәт кейін шегініп өткен өмірлеріне көз жүгіртеді.
Сахнада шалдың жас кезіндегі бейнесі Григорий (Жасқайрат Валиуллиев)  кейпінде көрініп, жас Гришаның өрескел іске барғандығын байқадық. Өзінің жары Василисаның (Жұлдыз Мамедова) мейірімділігін, сұлулығының қадірін білмеген Гриша оны ұрып-соғып, тіпті жүрегіне жара салады. Айқай-шумен, арпалыспен өткізіп жатырған өмірде олар сәби сүйе алмай қалғаны өкінішті-ақ. Екеуінің соңында ұрпақ қалмады. Сарт-сұрт соққан сағат тілі кенет тоқтады, қос пенденің жүрегі де соғуын тоқтатты… «Өмір» өтті де кетті …

Қойылымнан көрермен қандай әсер алғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әрине, көздеріне еріксіз жас алған көрермен уақыттың қадірін түсінгендей күй кешті. Қойылым біткен соң, қойылымды шебер сомдаған өнер майталмандарына орындарын тұрып, ұзақ уақыт қол соқты... Бұл өнерге, театрға деген құрмет деп білеміз.

Кеш соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева сөз алып, - Бүгінгі кеште театрды сағынған көрермен  рухани азық алды деп білемін. Шынайы өмірді сахналау - нағыз шеберлік. Әсіресе, бұл қойылым  бүгінгі жастарымызға сабақ болғандай. Қазіргі күнде әрбір отбасында осындай жағдайлар орын алып жатады. Дегенмен, қысқа ғұмырымыз сахналанғанда көзімізге жас алдық. Өте керемет әсер алдық.   - деп ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Абат Абайұлының атынан театр ұжымына және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  жерлесіміз Бақытгүл Жақыповаға  алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Бұл қойылымнан жастықтың мәңгілік еместігін шынайы сезініп, мынау жалғанда кейінге ұлағат болар із қалдырудың маңыздылығын ұғындық. Расында да қарбаласқа толы тіршілікте уақыттың қадіріне жете бермейміз. «Қайтейін, қадіріңді білмеппін, қайран өмір» деп кейін бармағымызды тістеп қалмайық, «Қысқа ғұмырдағыдай». Әр пенде таңертең ұйқысынан оянысымен «мен не істеуге тиіспін» деп, ал ұйықтар алдында «мен не тыңдырдым» деп өз-өзімізден есеп алып мағыналы өмір кешейік, онсыз да «ғұмыр қысқа» ғана.

Жұлдыз АСҚАР
Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале