4.05.2018, 10:33
Оқылды: 27

«Қызғалдақ көктем» фестивалінің бас жүлдесі - Айымбек Сәртөковте

2 мамыр күні Қайыңдының қызғалдақты алқабынан бастау алған «Қызғалдақ көктем – Тюльпанная весна» эстрадалық әндерді орындаушылардың І Халықаралық ән байқауы 3 мамыр күні аудан орталығында жалғасын тапты. Сонау Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара облыстарынан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 30-ға жуық жас әнші қос өзеннің ортасында орналасқан аудан халқын әнге бөледі. Бір айта кетерлігі – байқауда үміткерлер бес тілде әндер шырқалды.

Байқау қорытындысында III орынды Қазталов ауданынан Асхат Нығметов, Орал қаласынан Азамат Амангелді, Сырым ауданынан Асыл Әбуғалиева иеленді. Ал II орынды Теректі ауданынан Айбек Дәулетқалиев пен Орал қаласынан Тарас Жауымбаев өзара бөлісті. Жүлделі I орынды Орал қаласынан келген танымал әнші Дамир Сатыбаев жеңіп алды. Сондай-ақ байқауға қатысқан барлық үміткерлерге де алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.
Бас жүлдеге Қазталов ауданының талантты жас әншісі Айымбек Сәртөков ие болды.

Жеңімпаздарды құттықтаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, -Кешеден бері Қайыңдының қызғалдақты алқабынан басталған осы бір өнер додасы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеялармен ұштасып жатыр. Біз осы фестивальді өткізуді жоспарлағанда, бүгінгі жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу, туған жердің тасын да, гүлін де аялау, осы арқылы елге қызмет жасауға бағыттау мақсаты болды. Бүгінгі өткен ән байқауы өзінің мақсатына жетті деп санаймыз. Осы Халықаралық байқауды өткізуге атсалысқан, әрі қолдау көрсеткен ауданымыздың мекеме-ұйымдарына, облыстық, қалалық мәдениет басқармаларына, Сырым ауданының әкімдігіне және әділқазылық жасаған еліміздің өнер майталмандарына аудан жұртшылығы атынан ыстық ықыласымды жеткіземін. Сонымен қатар осы байқауға көрші Ресей елінен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттарға да рахмет айта отырып, алдағы уақытта өнердегі қадамдарына ақ жол тілеймін! -деді.
Марапаттау рәсімі байқауға қатысушылардың әндерімен өріліп және сөз алған өнер жұлдыздарының лебіздерімен ән мерекесінің шырайы ашыла түскенін айтқан жөн.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале