11.06.2020, 11:20
Оқылды: 90

Қызылтулық үйі өртенген отбасына қолдау көрсетейік

Өрт – тілсіз жау. Оны алдын ала болжап білу мүмкін емес. Күнделікті өмірде өрттен зардап шеккендер туралы естіп, алаңдайтынымыз рас. Жуырда Казталов ауданы Бірік ауылдық округіне қарасты Қызылту ауылында тұрғын үй өртеніп кетті. Тілсіз жаудан осы ауылдың тұрғыны Достық Жорасовтың отбасы зардап шегіп отыр.

Ort (2)

Оқыс оқиға 7 маусым күні таңғы 4:00 шамасында орын алған. Ол кезде отбасы қалың ұйқыда жатқан. Үйдің жанып жатқанын қызы көріп, бәрін оятқан. Аудандағы өрт сөндіру бөлімінің сарбаздары дер кезінде жеткенімен тілсіз жау күш бермепті. Үйдің шатыры мен ішіндегі барлық дүние түгелімен жанып кеткен. Үй иелері құжаттарын ғана алып үлгеріпті. Құдай сақтап, адам шығыны болмаған. Оқиға орнында болған төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өрттің электр желісінің қысқа тұйықталуынан болғанын анықтап отыр. Қызылту ауылына біз де барып, оқыс оқиға орын алған орынды өз көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз.

Ort (5)

Несібесін төрт түлік өсіруден тапқан Жорасовтар әулетінің ата қонысында отырған Достық ағамыз. «Қызыл ту» шаруа қожалығын құрып, қолдағы малдың басын біріктірген еңбекқор азамат осы ауылда әкесінің қара шаңырағына ие болып қалған.
- Біз тоғыз ағайындымыз. Осы үйде бәріміз өсіп-өндік. Әкемізден қалған қара шаңырақты тастамай, жағдайымыз келгенде үлкейтіп алған едік. Бәрі аяқ астынан, ойламаған жерден болып отыр. Енді үйді түгелімен қайта салу қажет, – дейді Достық Жорасов.

Ort (6)
Құрметті қандас, жанашыр, бауырлар! Достық Жорасовтың өзін аудан халқы талай қиналған жанға көмек қолын созған жанашыр азамат ретінде біледі. «Көп түкірсе, көл болар» демекші, тілсіз жаудан зардап шеккен азаматқа қолдау білдіруге шақырамын!

Қайрат Жақып

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале