23.10.2017, 12:33
Оқылды: 27

«Латын әліпбиіне көшуде түркі тілдес елдердің тарихи қателіктерін қайталамау қажет»

Жаңақала ауданына латын əліпбиіне көшуді талқылау мақсатында облыс орталығынан жұмыс тобы келді.

Құрамында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Құспан Аронов,  PhD докторант,  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Айдарбек Ақболатов, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова сынды бір топ ғалымдар бар жұмыс тобы ауданның зиялы қауым өкілдерімен бас қосып,  латын әліпбиіне көшу мәселесі турасында жиын өткізді.

Облыс орталығынан келген мамандар рухани жаңғыру бағдарламасына сәйкес латын әліпбиіне көшу мәселесі болашақ үшін жасалатын жауапты қадамдардың бірі, елдік деңгейдегі ұлттық мәселе екенін жан-жақты талдай отырып, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Соның ішінде М.Сабыр «Латын әліпбиіне көшудің проблемалары» тақырыбында баяндама жасаса, Қ.Аронов «Жаңа әліпби қалыптастырудың өзіндік ерекшелері», Г.Әлжанова «Рухани жаңғырудың тетігі тілде» атты баяндама оқып, жиынға қатынасушылармен пікір алмасты.

Ғалымдардың баяндамаларынан соң аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шаһидолла Абуғали:

- Өз басым қазақ тілін дүниежүзіне таныту үшін латын әліпбиіне көшу керек деген пікірді қолдаймын. Бірақта, кейбір телеарналарда латын тіліне көшу деп айтылып жүргенін құлағымыз шалып қалады. Бұл әрине, дұрыс емес. Дұрысында қазақ тілін бар сұлулығымен, әдемі әуезімен латын әліпбиіне көшіру арқылы дүниежүзіне таныту деп айтылу қажет. Басынан бастап осы салада қызмет жасап жатқан мамандар халыққа дұрыс түсінік беріп, түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізетін болса, латын әліпбиіне көшуге халық үрке қарамас еді. Жалпы заман талабына сай және тілімізді әлемге таныту үшін жасалып жатқан бұл саясатты мен қолдаймын,-деп өз ойын ортаға салса, №3 Жаңақала орта мектебінің директоры Ә.Декартұлы да латын әліпбиіне көшуде басынан бастап дұрыс қадам жасау керектігін және балаларға жаңа әліпбиді оқытуда мультимедиялық тәсілді ұтымды пайдалану керектігін, әр дыбысты бір таңбамен белгілеуді айтып, өз пікірі мен ұсынысын білдірді. Сондай-ақ ұстаздар атынан сөз алған №3 Жаңақала мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Қ.Әлмұқанов:

- Мен де жоғарыдағы əріптестерімнің пікіріне қосыламын. Латын тіліне көшу емес, латын əліпбиіне негізделген қазақ əліпбиін жасауға жұмыстанып жатырмыз. Осыны дұрыс түсіндіру қажет. Жаңа əліпбиде бір дыбыс бір таңба қағидатын қолдаймын. Əліпбиді қабылдармыз, алайда қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, үндестік заңдылығын, орфографиялық жəне орфоэпиялық заңдылықтарды бір жүйеге келтіру жұмыстары да кезегін күтіп тұрған өзекті мəселе. Сөздерді дұрыс жазудың 3 принципін (дəстүрлі, фонетикалық жəне морфологиялық) сақтау жолдары да жаңа əліпбиде сақтала ма, осыны да қатаң ескеру қажет деп санаймын. Жалпы алғанда латын қарпіне негізделген төл əліпбимізді қабылдау - заман талабы,- десе, М.Мирманов атындағы ЖОББМ-нің қазақ тілі мұғалімі Н.Мұханғалиев әріптесінің пікірін қуаттай отырып, латын әліпбиіне көшуге оң көзқарас танытандығын жеткізді.

Жиын соңында үгіт-насихат тобының мүшелері талқылауға ұсынылған әліпбидің алдынғысын соңғы нұсқамен салыстыра отырып талдады. Сонымен қоса мамандар алдыңғы нұсқада кеткен кемшіліктер жойылғанымен, әлі де әліпбиді жетілдіру қажеттігін айтып, латын әліпбиіне көшуде көршілес түркі тілдес елдердің жіберген тарихи қателіктерін қайталамаудың маңыздылығын тілге тиек етті.

 

Н.ҒАББАС

Жаңақала ауданы

        

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале