21.07.2017, 12:39
Оқылды: 87

Латын қарпі жайлы түсіндіру жұмыстары жүруде

Terekti til   Биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Қазақстанды латын әліпбиін қолдануға көшіруді ең басты мәселе ретінде қарастырды. Енді, осы үлкен істі атқаруға тіл мамандары кірісіп кетті. Латын графикасының ел дамуына пайдасы жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Осы мақсатта Теректі ауданында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру» тақырыбында түсініктеме беру үшін Батыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева бастаған жұмыс тобы келді.

     Тіл – ұлттың жаны. Тілді жеткізудің, тарихты ұрпаққа қалдырудың  ең бір маңызды құралы – жазу. Ана тілімізді ондаған жылдар бойы салқындық лебі мұздатты. Содан, латын әліпбиінен кириллицаға мәжбүрлеп өткізді.  Қайтадан латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы  Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек» деген болатын. «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды.

     Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден,  латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Үшіншіден, негізінен латынды қолданатын түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынас, тығыз байланыс болады. Бұл – ғалымдар негіздемесі. Оның бер жағында, 28 әріп қолданылатын латын әліпбиін игеру оңайлығын айтпасақ та болар.

      БҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік  тілді оқыту орталығының директорының міндетін атқарушы Болат Жексенғалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр латын алфавитіне көшудің тиімді жақтарын ежіктеп түсіндіріп өтті. Сөз соңын аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы қорытындылады.

         Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале