3.05.2018, 12:22
Оқылды: 45

Майданға май жіберген жымпитылықтар  

 

IMG_8622Соғыс пен жеңіс тақырыбын майдандағы батырлардың ерлігімен шектей алмаймыз. Әрине, Отан үшін отқа түсу – ерліктің ерлігі. Ал қара терін сыпырып тастап, «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деп еңбек еткен елдегі адамдардың ісін ерлік емес деп көріңіз. Дей алмайсыз. Соғыс жылдары Жымпитының басындағы еңбекшілер де еңбек етті, дәлірек айтқанда ерлік етті. Бұл әңгімені біз жымпитылық қарт Сәку Валитовтың ауызынан жазып алдық:

Валитов Сәкудің әкесі Валитов Сабыр Ғалымұлы 1897 жылы Тасқала ауданы жағында дүниеге келген екен. Өзі – Азамат соғысына қатысқан кісі көрінеді. Сабыр соғыста болғанда үйдегі әкесі мен анасы дүние салады, кейін жалғыз інісі бандылардың қолынан қаза табады. Сабыр біраз уақыт Оралда жүреді. Бір күні қаланың базарында базаршылап жүрген жымпитылық Мұхамбетжан деген кісіге жолығады. Сабырдың ешкімі жоқ екенін білгеннен кейін, жаңағы кісі оған  «Біз де – бір елміз! Сол елдің баласы бол. Жүр Жымпитыға!» дейді. Сөйтіп, Сабыр Жымпитының, Жымпитыдағы Қаратөбе көшесінің тұрғыны атанды.

Олар тұрған көшеде Татарстанның Чишма деген жерінен көшіп келген Галиевтер жанұясы да тұрушы еді. Ол кез оба, тырысқақ сияқты аурулардың дендеп тұрған кезі-тін. Галиевтер әулетінің отағасы Горяй 36, ал отанасы 38 жасында жаңағыдай індетке шалдығып, қайтыс болады. Бір жанұяның қос бірдей тірегі кетті, арттарында төрт қыз қалды, үлкені Зәйда еді. Тағдыр, тағдыр дегенде манағы Мұхамбетжан ағай Сабырды сол Зәйдаға қосты. Содан не керек, Сабыр Галиевтердің артында қалған төрт қыздың біреуіне жар, қалған үшеуіне қорған болып, солардан қалған үйдің азаматы болып қала берді.

Сабыр мен Зәйдадан Сәния, Сәку, Лимар, Әнуар, Марат көрінді. Қазір Әнуар мен Марат жоқ. Бізге осы әңгімені айтып отырған Сәку қарт Фатима әжеймен бірге әкесі тұрған көшеде әлі тұрады.

Сабыр Валитов Жымпитыда қаржы саласында жұмыс істеді. Уақытында, Орал облысындағы «Дорчасть» мекемесінің өкілі ретінде Бұлдырты мен Барбастаудың аралығындағы көпірлерге да жауапты маман болып та жүрді. Ол 1941-1943 жылдары Жымпитыдағы май зауытының директоры болып қызмет етті.

Бұл кезде Орал қаласы майдан іргесіндегі қалалардың қатарында еді. Соғыс қызып тұрған шақ. Соғыс қаншалықты қызып тұрса, Жымпитыдағы май зауытының жұмысы да соншалықты қызып тұрды. Еңбекшілер ерінуді білмеді. Тек еңбек етуді ғана білді. Демалған жақсы, денсаулық қымбат, бірақ жеңіс - одан да қымбат еді оларға. Жымпитыдағы зауыт соғыс даласында сақылдаған автоматтардың ауызымен бірге тыныс алып тұрды. Үзіліс болған жоқ. Айналадағы 41 колхозды қамтыған зауытта бөшке – бөшке май, брынза өндіріліп, өнім Орал асып, майданға жөнелтіліп жатты. Осы ауыр міндетті басқару Сабырға бұйырды.

Жымпитыдан Оралға шыққан «май колоннасының» қатарындағы бір өгіз арбаның тізгінінде Сабырдың жасы оннан жаңа асқан ұлы Сәку де отырыпты. Сәку қарт «колонна» мына тәртіппен жүретін еді деп еске алды:

- Ең алда, басты арбада - май тасымалдау жұмысының бастығы Молдағали қарт, екінші арбада - Сәрия Қаблашева, үшінші арбада - зауыттың бас есепшісі Иван Коплощенко, төртінші арбада – мен, «колоннаның» соңында бақылаушы есебінде әкем Сабыр Валитовтың тарантасы келе жататын.

Жымпитыдан Оралға жеткенше 7 күн уақыт өтеді. Өгізге жегілген ағаш арбаның үстінде ағаш бөшке болады. Ішінде- екі жүз литр май. Ол кезде екі ортада тегіс жол жоқ. Көпірлерден өтудің өзі - бір шаруа. Өзендердің жарынан түскенде, ылдиға тартып кетпеуі үшін, арбалардың артқы дөңгелегін арқанмен байлап тастаймыз. Арқан «тормоздың» міндетін атқарады.

Жайықтан өту де оңай емес. Жайылып жатқан өзен көпір шыдатпайды. Өзеннің үстінде прицеп тіркеген трактор сияқты, артына паром тіркеген жалғыз катер жүретін. Жұрттың күні – сол катерде. Күндеп тұрып, катермен жүгімізді арғы бетке өткіземіз. Майды «Уральский областной маслотрест» мекемесі қабылдайды.

Өгіз арбамен май апарып жүріп, алғаш рет қаланы көрдім. Орал қаласының көшесінде атты милиция жүретін. Қала көшелерінде от жағуға, жарық шығаруға қатаң тыйым салынатын. Өйткені, төбе толған ұшақ, Жаудың ұшағы ма, өзіміздің ұшақ па білмейсің. – дейді Сәку Валитов.

1941-1943 жылдары Жымпиты май зауытының ұжымында мына кісілер еңбек еткен. Зауыттың директоры– Сабыр Валитов, бас есепші – Александр Коплощенко, бас шебер - Шәмбіл Қаблашев, кіші шебер – Михайл Беляев. Техника тапшы, тіпті жоқ кезде зауыттың көп жұмысы аттың күшімен атқарылды. Май өндіретін аппараттың валын да аттар айналдыратын. Зауыттың аттары Сабырдың үйінің ауласында тұрды. Зауыттың 60 атын күтіп, қарау қызметінде Сұлтан, Ерғали, Мәкәр деген азаматтар болған. Сұлтан, Ерғали  деген кісілер кейін майданға алынып, оралмапты.  Шәмбіл, Мәкәр, Ғани деген кісілер соғыстан аман келіп, қызметін жалғастырыпты. Әңгімелеуші бізге зауытта жасаған Хансұлу, Ғайша, Майжан, Маржан, Ұлдай сияқты аналардың аттарын да атады.

Май зауыты өнімдерін қолдан жасалған «тоңазытқыш камерада» сақтаған. Ол уақытта тоңазытқыш жоқ. Зауыт жазда үлкен жертөле қазып, дайындайтын. Тереңдігі екі кісінің бойындай, ұзындығы жүз қадамдай, ені 30-40 метр үлкен жер қазылатын. Осы траншеялар қыстай өзеннен ойып әкелінген мұзбен толтырылады. Күн жылына төбесі жабылады. Мұз жаздай тұрады екен. Өнімдер осы салқын жерде, бұзылмай сақталады. Елдің ішінде күннің жылы уақытында мәйітті бұзып алмас үшін де, ауыл адамдары май зауытынан мұз сұрап әкеліп жүрді деген дерек те бар.

Сабыр Валитов 1945 жылы қаңтарда ауыр науқастан қайтты. Сабыр Валитов бар, оның әріптестері бар, еңбектің еренін еткен олар тарихта Ұлы Жеңістің үлкен үлескерлері болып қалады. Біз осы мақаланы майданға май жіберген жымпитылықтарды ел ұмытпаса екен деген ниетпен жаздық.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Суретте: Жымпитыдағы май зауытын 1941 – 1943 жылдары басқарған Сабыр Валитов;

Сабырдың ұлы Сәку Валитов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале