8.05.2019, 17:06
Оқылды: 12

Майдангерді 74-ші Жеңіс күнімен құттықтады

Бүгін Қазталов ауданы әкімі Абат Шыныбеков Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсембиевтің шаңырағында болып, Жеңістің 74-ші көктемімен құттықтады. 96 жастағы Жұбат ақсақалға облыс әкімі Алтай Көлгіновтың құттықтау хатын табыстады.

IMG_6076

Жұбат Сәрсембиев 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңақала ауданының №8 Тұрдықұды селолық советінде дүниеге келді. Соғысқа дейін еңбек етіп, 1942 жылы Жаңақала ауданынан майдан даласына аттанды. 1943 жылы 65-ші атқыштар жаяу әскери полкінде болып, сол жылы Р.Малиновский жетекшілік еткен «Ростов шабуылы» операциясына қатысып, қаланы жаудан тазартады. 3-Украин майданы 58-атқыштар дивизиясы құрамында Орел, Курск, Прохоровка, Усманов қалаларымен бірнеше селоларды жаудан тазартуға қатысады. 1944 жылы майдан даласынан жараланып, әскери тапсырманы ойдағыдай орындап, көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. 1944 жылдың маусым айында елге оралады. Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор, 1945-1947 жылдары Фурманов аудандық ішкі істер бөлімінің өрт инспекциясының бастығы қызметтерін атқарады. Кейін Фурманов аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде еңбек етіп, Красный партизан совхозында ферма меңгерушісі болды. Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған ақсақал бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Қарт майдангер мерейлі мерекеде өзін арнайы құттықтап келген аудан және ауыл әкіміне, облыс мәслихат депутатына, еңбек ардагерлеріне ризашылығын білдіріп:

-Соғыс - бұл жазықсыз жандардың көз жасы мен қайғысы. Мен қазіргі жас ұрпақ біз тартқан ауыртпашылық пен бейнетті көрмесе екен деп тілеймін. Өткен тарих қайталанбасын, еліміз тыныш болсын!-деген тілегін жеткізіп, бата берді.

Тұрарбек Қайырғали,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

IMG_6091

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале