17.02.2020, 10:35
Оқылды: 95

 Майдангерді ұлықтады

Биыл Жеңістің 75 жылдығы. Ұрпаққа игілік пен ізгілік сыйлаған, еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты ардагерлерімізді ұлықтау парыз.

 qaratobe (2)

Осы орайда Қаратөбе ауданындағы М.Мерәліұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ҰОС-ның ардагері Қажыгерей Қайырғалиевты туғанына – 115 жыл толуына байланысты батырдың ұрпағымен кездесу кеші өтті.

Еске алу кешіне ұрпақтары, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мәулен Қожахметов және мектеп оқушылары қатысты.

Қайырғалиев Қажыгерей 1905 жылы Саралжын совхозының Өзек деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Қайырғали баласы Қажыгерей 14-ке келгенде, анасы 1 жасқа келгенде дүние салған. Қайырғалидың інісі Құрманғали ескіше сауатты болған. Сол кісіден Қажыгерей ескіше сауатын ашқан. Кейін есейе келе Жымпитыда тұрмыста болған Қайырғалидың қарындасы Карима апайдың қолында тәрбие алады. Қажыгерей қарт Саратовтағы автодорожный институтына 1922 жылы түсіп, 1925 жылы 3 курсты бастап оқып жатқанда ағасы Қажен осы оқуың жарайды, елде жағдай қиын деп болмай институттан шығарып алып келді. Қолында 2-курс оқыды деген справкамен елге келеді. Келген соң Саралжында совет секретары, кейін совет төрағасы болады. 1942 жылы қыркүйек айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, содан 1943 жылдың маусым айында Брянск түбінде ауыр жараланып Оренбург қаласына жөнелтіледі. 8 ай госпиталда жатып, 1944 жылдың сәуір айында елге қайтады. Қайта еңбекке араласып, жол бөлімінде бастық, бас инженер жұмыстарын жасады. Соғыстың зардабынан зейнеткерлік жасқа жетпей, екінші топтағы соғыс мүгедегі есебінен зейнеткерлікке 1959 жылы шықты.

qaratobe (3)

Қайырғалиев Қажыгерей сөзге шешендігімен, ділмарлығымен аймаққа белгілі тұлға. Аудандық жол бөлімінің бастығы болған. Қажыгерейдің айтқан сөздері Балтабай Адамбаевтың «Шешендік сөздер» (А.,1967) кітабына енген, сондай-ақ «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланып тұрған. 1973 жылы 68 жасында дүниеден озды. Қаратөбенің Тышқантай зиратына жерленген.

qaratobe (3)

«Ақылдың кені» саналған Қажыгерей жол бөлімінің бастығы болып жүрген кезінде қаратөбеліктерге жақсы таныс «Айқай шағылдың» қиындығын жою мақсатында құмның бетіне кіші Қоскөл жағынан қаздырған ақ борды өгіз арбамен тасып әкеліп, құмға төктірген. Қалдығайты өзені бойындағы жас талдарды шауып, одан шарбақ тоқытып, жолға төсеттірген. Осылай ат-көлік, машина жүретін астына ақ бор төгіліп, жаңа жол әзір болған. Бұл жолды жүргіншілер бұрынғыша «Айқай шағыл» демей, енді қызыл құмды қақ жарып салдырған бұл жолды «Қажыгерей салдырған жол» деп атаған екен, - деп жазады жергілікті өлкетанушы, жазушы ағамыз Қ.Хасанов өзінің «Қазыналы Қария Қажыгерей» атты кітабында.

 Сонымен қоса шежіреші, ақын болған адам. Ел арасында шежіре тарқатқан кезде ол кісінің алдына түскен адамдар некен-саяқ болған екен. Ал ақындығы бір бөлек әңгімеге арқау болатыны сөзсіз. Соғыста жүріп үй-ішіне жазған хаттарын да өлеңмен жазған. Қаратөбелік қарабура Қажыгерейдің бәйбішесі, аудандық «Әжелер байқауында» «Супер әже» атағын жеңіп алған жүлдегер Нұрлығайым әжеміз (марқұм) атамыздың соғыстан жазған өлең хаттарының кейбірін жатқа айтып берген екен.qaratobe (5)

Шараға батырдың ұлы Ғалымгерей Қайырғалиев әкесі туралы деректер келтіріп, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

qaratobe (4)

Кеш соңында М.Мерәліұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Құмарұлы Қайырғали Қажыгереевке жасақталған көрмемен таныстырды.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале