29.11.2017, 17:00
Оқылды: 47

Ел азаматы Мақсот Бергенмен кездесу кеші өтті

Сырым ауданы Алғабас ауылдық округінде КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру саласының құрметті азаматы Мақсот Бергеннің 70 жас мерейтойына арналған «Еліне елеулі тұлға» атты кездесу кеші өтті.

Алғабасқа ат басын бұрған қонақтарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бастаған сырымдықтар дәстүр бойынша Сырым шыққан төбеден ақ дәммен қарсы алды. Мәдениет үйінің фойесіне жасақтаған көрмедегі кітаптар композициясы алыстан көз тартып тұр. Кеш иесіне арналып жасаған ауылдастарының еңбегі зор. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламадан бұрын бейнекөрсетілім арқылы Мақсот Қабышұлының өмірбаянымен танысты. Айтулы шараның «Еліне елеулі тұлға» деп аталуында да үлкен мәні бар екендігі сол бейнекөрсетілім арқылы түсінікті болды.

Кеш барысында әнші-композитор Донеділ Қажымов, Гүлнәр Даукенова, Қатимолла Бердіғалиев ауыл халқының алдында ән салып, кеш көркін қыздыра түсті. Жетпіске толып отырған Мақсот Бергеннің шашбауын көтеріп келген қонақтардың қатарында оның ұлы Әлібек, мәдениет қайраткері Сара Танабаева, Донеділ Қажымов пен әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова, білім саласының ардагері Марат Қадыров, медицина саласының ардагері, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Бақтығали Ахметов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров, ардагер журналист Тихон Әліпқали болды.

– Мақсот ағамыз ауылмен тығыз байланыста. Шақыртуды күтпей-ақ өзі аяқтай келіп хал-жағдайымызға көз жеткізеді. Мектебіміздің оқушыларына стипендия тағайындаған болатын. Сол оқушылар мектеп бітіргенше ағамыздың атындағы стипендияны алып тұрды және қазіргі таңда үмітімізді ақтап мемлекеттік грантқа ие болды. Әр уақытта да Мақсот Қабышұлы ауылға бүйрегі бұрып тұратын азамат, – дейді Алғабас ауылындағы М. Қаналиев атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Сәлмен Ибрагимов.

Шара соңында ауыл халқының ризашылығына бөленіп толқи да тебірене сөйлеген Мақсот Қабышұлы кешке жиналғандардың баршасына алғысын білдірді. Өңірімізге белгілі әнші ерекше дауыс иесі Айбар Қайырханов «Атамекен» әнімен шараның шымылдығын жапты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале