22.01.2021, 12:15
Оқылды: 44

Мал азығын дайындау 100 пайызға орындалды

Есептік кездесу Жәнібек ауданына қарасты Қамысты ауылында да жалғасын тапты. Кездесуге аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, аудандық электр торабы мен жер қатынастары бөлімдерінің басшылары Мейіржан Хаби мен Нұрболат Әбдірешов қатысты.

IMG_2293

Қамысты ауылдық округінің әкімі Нұрлан Аюпов бір жылда атқарған жұмыстары туралы баян етті. Мәселен, былтыр мал азығын дайындау жүз пайызға орындалып, 8870 тонна ірі сабақты мал азығы жиналды. Сондай-ақ былтырғы жылмен салыстырғанда ірі қара 300 басқа көбейді.

Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін аудан басшысы ауыл жұртшылығына атқарылған және атқарылатын жұмыстар хақында кеңінен түсінік берді.

Жарыссөзге жазылған ауыл тұрғыны Бисен Қалжықов биылғы жылдан үлкен үміт күтеді. Шешілмеген мәселелер шешімін тауып, жақсы жаңалықтарға кенеле берейік деп, ауылға қатысты мәселені ортаға салды.

IMG_2313

Оның сөзінше, басты мәселе – жарық. Жарықтың қуаты біресе төмен, біресе жоғары. Жетпісінші жылдары салынған трансформатордың тозығы жеткен. Бірнеше үйдің техникалары істен шыққан екен. Бисен Қалжықов жарық мәселесі қолға алынса деген ұсыныс білдірді. Осыған орай аудандық электр торабының басшысы Мейіржан Қалиханұлы осы мәселені көтеріп жүргеніне біраз уақыт болғанын айтты.

- Өткен жылдың қараша айында облыс орталығында бұл мәселе ортаға салынып, инвестиция бойынша 18 шақырымға сым берілді. Сол сымды күн жылынған кезде ауылға орнатамыз. Трансформаторлар да ауыстырылады. Қуаттың жоғарылап немесе төмендеуіне байланысты ауылға мамандарды жіберіп, шешімін табуға тырысамыз, - деді ол.

Сонымен қатар Бисен Қалжықов дала өртін сөндіру немесе басқа да жұмыстарға трактордың қажеттілігін айтты. Сондай-ақ Е.Ниетқалиев атындағы мектептің директоры Ринат Мұқатов мектептің көлігі жүрмей, сынып тұрған жайы бар деді.

Қамысты ауылының учаскелік полиция қызметкері Дәурен Әбдірахманов коронавирус індетіне қатысты санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар мал бағымы мен бұралқы иттерге қатысты ойын да жеткізді.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары ауыл, аудан әкімдерінің жұмыстарына оң  баға берді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале