4.12.2019, 17:10
Оқылды: 254

Мал баққан Мақановтар кәсіптерін өрістетуде

 

Қашанда оты көселген, еті төселген шаруа қожалықтарыәрқашан ауыл жанашыры болып келеді.Олар туған жері үшін үкідей ұшып,жанқиярлық танытудан жалыққан емес. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауыкәсіпкерліктің шамын өшірмей, сағын сындырмай сақтап, отбасылық табыс көзіне айналдырып отырғанояндық Мақановтар әулеті жайында болмақ.

Бүгінде отбасы мүшелері жоқтан бар жасап,ауылдастары арасында өз кәсіптерімен несібесін тауып отырған жандардың қатарынан саналады.Сонау бір жылдары жұмыс орындары жабылған уақытта да бар қиындықты басынан өткере отырып, өз алдарына кәсіпкерлікпен айналысыпты. Шаршау мен шалдығуды білмеді. Соның арқасында көп нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде Мұрат Мақанов әулетініңшаруашылықты басқарып отырған үлкен  ұлы Мәрленніңкәсіпкерліктен іс-тәжірбиесі жетерлік. Ол аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыстанып жатқан жанның бірі. Кездесу барысында отағасы Мұрат ағаны да сөзге тарттық. Кезінде мал дәрігері болып еңбек еткен ол қазір балаларына ақылшы, білмегенін үйретіп отырады.

-Негізгі туған жерім Ақжайық ауданы. Ата-анам 1971 жылы Степной совхозына қоныс аударғанда мен он бір жаста болатынмын. Содан бері осында мекен етіп,білім алып, еңбек еттік. Отбасын құрдық. Ата-ана қашанда балаларының аяқтарына нық тұруына себепші екендігі белгілі. Барлығының басар тауы мен барар үйі болғаны дұрыс. Сондықтан кезінде талмай еңбектендік. Оған қуанбасам өкінбеймін. Бүгінгі күні өмірге әкелген төрт ұлдың жақсылықтарын көріп, қуаныштарына ортақтасып отырған жайым бар. Себебі, балаларым бір-бір мамандықты игеріп, өз алдарына отау құрды. Қазіргі таңда менің ізімді жалғап, мал шаруашылығымен айналысып отырған үлкен ұлым Мәрлен болса, кенжем Саясат ағасына көмекші. Ал екінші ұлым Мардан тіс дәрігері, одан кейінгі ұлым Мерлан аудандық полицияда қызмет етеді.Мал өсірудің де өз қиындықтары жетерлік. Кей кездерде өнімді өткізу, оны керекті жеріне жеткізу, барлығы өз қаражатыңа тіреледі. Бірақ, бастаған істі аяғына апару-әр адамның міндеті. Мінсіз еңбек пен талмас талап тәуір тірлікті қолға алуға септігін тигізетіні рас,-дейді ол өз сөзінде.

tasqala marlen (1)

«Әке көрген оқ жонар» демекші, ата-ананың жақсы тәрбиесін көріп, оны бойына сіңіріп өскен Мәрленнің алар асуы әлі де алда.Ол жақында Тасқала ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылынан үй алып, сол жерде сүт өнімдерін өндірумен шұғылдана бастамақ.

-Басында несие алмай, қолдағы отыз-қырық ірі қарамен шаруашылықты бастадық. Екі жүздей қой болды. Оның бер жағында сарып ауруы шығып, бір табын малдан бір бас қана қалды.Содан соң «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, жұмысты одан әрі жалғастырдық. Қазіргі таңда екі мың гектар жеріміз бар. Оның ішінде шабындық 1500 гектар. Күні бүгін ірі қара мал басы жеті жүзге жетті. Бүгін жүз бас асыл тұқымды мал әкелдім,- дейді шаруашылық басшысы Мәрлен.

Әңгіме барысында Мұрат аға еңбек етеміз деген адамғаҮкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті тілге тиек етті.

 -Шаруашылық болған соң оған техника керек. Кезінде өзіміз ескі техникаларды майлап, сайлап жүргізетінбіз. Қазір балалар өсіп, шаруашылыққа араласа бастаған соң 2015 жылы лизинг арқылы 9 миллион теңгеге су жаңа трактор сатып алды. Оның ішінде тырмасы мен шөп буатыны да бар. Жағдайдың жақсарғанын осыдан-ақ байқауға болады. Себебі, кезінде,өкіметтің күркіреп тұрған заманында да мынадай кереметтей техникаларды ала алмайтынбыз. Сондықтан мүмкіндік туып тұрғанда неге жұмыстанбасқа?! Біз қырда тұрғанымызбен жаңалықтың барлығын теледидар мен газет арқылы біліп отырамыз. Бұрын газетті үзбей оқитынмын. Бірақ кейінгі кездері көзімнің көруі нашарлады,- дейді Мұрат Мақанов.

Кездесу барысындашаруақор азаматтар бәрі жақсы екендігін айта кетті. Су мен жол бар. Жайылым шүйгін. Ештеңеден тапшылық көріп отырған жоқ. Ауылда, шалғай жатыр демесеңіз, қалада тұратындардан еш кемшілігі жоқ. Дастарханы құрт пен майға толы.Бұл шаңырақтағы келін мен ене арасындағы татулықты көріп, біз де риза болып қайттық.

Әр адамның өмірі су ішкен құдығына байланысты дейді ғой атам қазақ. Сондықтан жайлы қоныс пен жақсы табыс тіршілік етуге үлкен әсер ететіні тағы бар.Тек ағайынға ғана емес, ауылына да көңіл бөлетін Мәрлендей кәсіпкерлеріміз көп болса,әрине,көсегеміздің көгерері сөзсіз.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале