18.01.2018, 11:44
Оқылды: 86

Мал ұрлығы азаймай отыр

Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев округтегі Қарақұдық елді мекенінің тұрғындары алдында есеп берді. Есептік кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қатысты.

Бұлдыртылықтарды алаңдатып отырған бір мәселе - қоғамдық тәртіп пен қылмыстық ахуал. Бұлдырты ауылдық округі бойынша 2017 жылдың 12 айында 36 қылмыстық оқиға тіркелді. Осының 23- і – мал ұрлығы. Бүгінгі күні мал ұрлығы бойынша 9 қылмыс әшкереленді. Қылмыскерлердің үстінен тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде жанға бататыны дүниенің жоғалғаны емес, қылмыскердің алыстан келмей, ауылдан шығуы болып тұр. Ақсақалдар осыған налып отыр. Осы мәселеге Қарақұдық ауылының тұрғындары да өздерінің азаматтық үндерін қосты. «Қылмыскерге кешірім жоқ! Олар кешіргенді түсінбейді» - дейді қарақұдықтықтар. Расымен де, осы уақытқа дейін мал ұрлығы үшін тұтқындалған ұрылар мал иесінің кешірім беруі себебінен заң алдындағы жауаптан құтылып кетіп жүрді. Бірақ, солардың дені көп ұзамай «ескі кәсіптеріне» қайтадан кірісетін көрінеді. Ауыл адамдарының «кешіргенді түсінбейді» деп жатқандары содан.

Аудан көлемінде электр желілерінің тозығы жетуінен зардап шегіп отырған санаулы елді мекен болса, оның біреуі – Қарақұдық. Сырым аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Жұмағали Молдашевтің айтуынша, жағдайды оңалту мақсатында Қарақұдық ауылына электр қуатын тасымалдайтын бағаналардағы 20 траверс жаңадан орнатылған. Жұмысты толық бітіруге 70 траверс тағы керек. Ауданның бас электригі бағаналардың сапасы жақсы деп отыр.

Қарақұдық ауылының тұрғындары округ орталығына қатынайтын көлікті ұйымдастыруды, кіреберіс жолды күтіп ұстау жұмыстарына жауапты қарауды сұрауда.

Жиналысты Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытындылады. Кейін аудан әкімінің орынбасары «Иманғали» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале