23.01.2020, 17:59
Оқылды: 121

Малдарды бірдейлендіруге баса көңіл бөлінбек

Сырымдағы аудан, ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі Шолақаңқаты ауылдық округінде жалғасты.

syrym sh (2)

Алдымен 2019 жылы ауданда атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик көрсетілді. Одан кейін округ әкімі Ерлан Жоралиев тұрғындар алдында есеп берді. Оның айтуынша, көшелерге жарықшамдар орнату жақсы жолға қойылған. Қазіргі күні Тоғанас ауылында барлық фонарлар іске қосылыпты. Ендігі кезекте Құспанкөл, Қарағанды елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру, яғни, фонарларын ауыстыру жоспарға енгізіліпті. Сонымен қоса Құспанкөл ауылішілік электр желілерін жөндеу, бағандарды ауыстыру мәселесі де өз шешімін тапқан. Әкім ендігі кезекте елді мекендерді күл-қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартып, күл-қоқыс сақтайтын полигонды ретке келтіру кезек күттірмес міндет екенін айтты. Ауылдарда мал бағымын ұйымдастыру, ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіру де басты назарда тұрғанын естіп білдік.

syrym sh (1)

Тұрғындармен кездесуде атаулы әлеуметтік көмек алатындарға жаңа ережелердің тәртібі жөнінде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Иманғалиев, мал шаруашылығы саласындағы жұқпалы індеттерге қарсы күрес шарасы жөнінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы А.Каримуллиев, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы аудандық аурухана басшысы Р.Тахамбетова кең түсінік берсе, жергілікті полиция басшысы Р.Хайруллин тұрғындардың кейбір сауалдарына жауап берді.

Есептік жиында сөз алған Шубин мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ғарифолла Ғабдолов әкімдердің жылдық есептеріне оң бағасын бере отырып, ауылдағы мал ұрлығы мен сарып ауруының алдын алу бағытындағы сауалдарына нақты жауап алды.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев есептік кездесуде атқарылған жұмыстарды бағандап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берді. Жиынды қорытындылай келе, биылғы жылымыздың айтулы мерекелерге толы болуына орай, бірлесіп атқарар ісіміздің көп екенін, осы тұста қай салада болмасын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Жұлдыз Альпенова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале