9.12.2019, 16:50
Оқылды: 83

«Малшы жоқ, механизатор келмейді»

 Қазақ халқы мал бағуды сонау заманнан ата кәсібіне айналдырған. Осының куәсіндей «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген нақыл сөз әлі күнге көптің арасында ұмытыла қойған жоқ.

Шынында, бұрындары мал бағып, оның бейнетін көргендер, техника рөліне отырып, оның ыстық-суығына төзгендер зор құрметке бөленуші еді. Мысалы, Сырым ауданында Социалистік Еңбек Ері атанған аға шопандар Нұрғали Қолғанатов, Есенжан Сатаев, механизаторлар Уалиахмет Шоқанов, Эдуард Риффель және бірнеше ордендердің иегерлері Орынбай Досжанов, Әділхан Наурызғалиев, Айғаным Себекова, Тояш Қаяпқалиева,  Кішібек Рамазанов, Сейфолла Әміреев, Қуанышкерей Нұрғалиев, Демеш Нығметова, Сүйін Меңешовтер сондай жандар тұғын. Сол кездері қол жете бермейтін жеңіл көліктер де алдымен сол малшы-механизаторларға беріліп, оларға ерекше сый-құрмет көрсетіліп жататын-ды.

Иә, сонау заманда осындай құрметке бөленіп, аттары алысқа кеткен аталмыш сала иелерінің қадірі бүгінде неге қашты? Малшы мен механизаторлық тек сақарған, зейнеткерлікке таяу қалған адамдарға тән кәсіп пе?  Осынау сауалға біз жауап іздеп көрдік.

 Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтің айтуынша, ауданда мал бағатын малшы, техниканың рөліне отыратын механизатор жетіспейтіндігі бесенеден белгілі. Мысалы, аудандағы «Жібек жолы», «Правда» шаруа қожалықтарында механизатор мен малшыны еңбекке тарту бағытында оңды істер жолға қойылса, басқа шаруа иелерінде бұл жұмыс  әлі ақсап жатыр. Ерболат Әжмұхамбетұлының сөзінен  байқағанымыз, шаруа қожалықтарының иелері 80-120 мың теңге айлық төлеуге келіссе де, малшы, механизатор болуға ынта танытатындар қатары аз көрінеді.  Міне, осындай мұқтаждық туған соң қаладан, өзге өңірлерден жалдамалы адамдарды іздестіріп, жұмысқа қосу жағы дәстүрге айналған. Жеңіл жұмыс қолын пайдаланудың да кереғар жақтары бар. Мәселен, жұмысқа алынған жалдамалы адамдарды дер кезінде жергілікті полиция бөліміне хабарлап, уақытша болса да тіркету, екіжақты келісім-шарт жасасу жағы құнтталмайды Осындай талаптар сақталмағандықтан, сырттан келген жалдамалы адамдардың қатысуымен мал ұрлығы, топтаса ішімдік ішіп, қылмыс жасау деректері бой көрсетуде. Шаруа қожалықтарын айтпағанның өзінде, аудандағы белді мекеме – аудандық коммуналдық кәсіпорнына механизатор табу «шөмеле ішінен ине іздегенмен бірдей» мәселеге айналған. Сондықтан аудандық Сырым колледжінде механизатор мамандығында оқитын студенттерді теория жүзінде емес, практикалық тұрғыда баулып, трактор тілін толықтай меңгертуге бағыттаған жөн. Ал, дайындалған кадрларды жұмыс берушілер өздеріне тартып, қамқорлық  танытса,  тіптен  құба-құп.

Жасыратыны жоқ, «Мал бағуға да малдай адам керек» дегендей, малшылық та оңай жұмыс емес. Қазір шаруа қожалықтары түгілі жекелеген адамдардың өздері ауладағы түлігін бақтыруға жалдамалы адамдар таба алмайды. Әрі бүгінде жайылымдағы малды көлікпен, мотоциклмен бағатындар, үйде отырып,  дүрбімен қадағалайтындар қатары көбейді.

 Сырым колледжі директорының өндірістік оқу жөніндегі орынбасары Жалғас Жоламановтың айтуынша, жыл сайын 14-25 жас механизатор мамандығын меңгеріп шығатын болса, солардың үш-төртеуі ғана жұмысқа орналасып, өзгелері жалақысы молдау вахталық жұмысқа аттанады екен. Ал, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Едіге Өтеповтың қолындағы дерекке сүйенсек, аудан бойынша 238 адам жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрса, олардың арасында 38-інің мамандығы механизатор. Сонда малшы, механизатор жетіспейді деп алақан жайып отырған тиісті сала жетекшілері қайда қарап отыр? Әлде жоғарыда айтылған зәру мамандыққа жастардың құлық танытпауларының нақты себептері бар ма?

Шынында, ауданда жұмыссыздар есебінде 38 механизатордың  тұрғаны   ойландыратын жағдай. Мәселен, кеңестік заманда малшыларға, диқан-механизаторларға тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалғандығына куә болдық. «Монша» деген жазуы бар жылжымалы автокөлік, қызыл-жасылды безендіріліп, жалаулатқан мәдени-үгіт бригадасы, дәрігерлер, шаштараз, автодүкен, тіпті киноға дейін дала қостарын қамтушы еді. Осындай қалтқысыз қызмет көрсетілген соң олардан да жауапкершілік жүгі қатаң сұралатын.

Қазір ше?! Бүгінде мұндай жағдай жасау да, сұралатын жауапкершілік те азайған. Сонымен, жастар атаулыны мал бағуға, механизаторлыққа тарту бағытында не істелуі керек? Ең алдымен, кадр дайындау, оны жұмысқа тарту мәселесіне баса көңіл аудара білген жөн. Бұл тұрғыда кадрды жұмысқа тарту, оған барлық жағдайды жасау жағын жұмысқа қабылдаушы өз міндетіне алғаны дұрыс. Осы жерде айта кетелік,  аталып отырған мамандық иелерінің көп жағдайда құқықтары да қорғала бермейді. Жұмыс беруші тарапынан өзара келісім-шарттар жасалмайды. Тіпті, жеке тұрғындар арасында да бақташылармен келісім-шарт жасалмай, «таныс бақташы, жылда бақтыратын адам ғой» деп жүре-бардым қараушылық әлі бар. Бұл жылда тұрғындар жиынында айтылса да, аяқсыз қалып келеді. Негізі  әркезде екіжақты келісім-шарт жасалып, онда еңбекақы, сыйақы, еңбек демалысы, негізгі қорларға төленер төлемдер, тұрмыстық жағдайын жасау, денсаулығын күту толық жазылуы тиіс. Сонда өзара түсінбестік, айқай-шу болмай, бола қалған кезде де бәрі заңды түрде шешімін табары хақ.

Бүгінде көріп жүргеніміздей, көпшілік жерде арзанқол, жалдамалы, ішімдікке үйір адамдарды жұмысқа алып, «саған осы да жарайды, тамағыңды, темекіңді, киіміңді қамтып отырмын» деп тынымсыз тірлікке қосып қоюдың соңы ашу-араздыққа, малын жоғалтып жіберуге, төбелеске ұрындырып жүргені рас.

«Бейнетсіз зейнет жоқ» дегендей, өз ісіне мығым, шаруасына тиянақты қызметкерлерін құрметтей білетін аудандағы «Жібек жолы», «Сауғабай» шаруа қожалықтары жетекшілері еңбек адамдарына шипажайға жолдама беріп, ат мінгізіп, құрмет көрсетіп жүрсе, «Тінәлі» ЖШС тарапынан механизаторларды ақшалай сыйлықпен марапаттау дәстүрге айналған. Жылына 1-2 рет болса  да  еңбек адамын осылай көтермелеп қойса, олардың көңілі жадырап, іске  ынтасы артар еді-ау!

Қысқасы, «малшы жоқ, механизатор келмейді» деп қара бұлтты төндіре бергеннен гөрі  оларға көрсетілер қамқорлықты   күшейткен жөн.

Мүсірбек Айташев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале