14.04.2017, 17:33
Оқылды: 27

Малың шекарадан өтіп кетсе, шығынға қаласың

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құхожиннің төрағалығымен Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға шекара қызметкерлері, ауылдық округінің әкімдері, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері, мекеме, ұйым өкілдері қатысты.

Кеңесте шекара аумағында орналасқан ауылдар тұрғындарының шекаралық тәртіпті сақтаулары, малдарды бағусыз жіберу, өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелері қаралды. Бұл бағытта ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036 әскери бөлімі басшысының орынбасары Тимур Қоқабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036 әскери бөлімінің штаб басшысы Қайырғали Кеуенов, «Қазталов» шекара заставасының басшысы Қайсар Досманбетов баяндама жасады.

Шекара қызметкерлерінің айтуынша,  «ҚР Шекара туралы» Заңының 62-бабын сақтауда көптеген кедергілер  кездесуде. Үстіміздегі жылдың 4 айында 3 шекара бұзу жағдайы тіркелген. Сонымен қатар бүгінде малдың бағымсыз жүруі кесірінен, олардың шекарадан өтіп кетуі көбейіп кетті. Қазіргі таңда көршілес елдің шекарашыларымен өтіп кеткен малды көрген жағдайда хабарласып, кері айдап шығару келісілген. Енді талап күшеймек. Егер малыңыз шекара асып кетсе, оны бір ай карантинге қояды. Кейін сол малға түрлі зертханалық тексерулер жүргізіледі. Ал осы тексерулердің шығынын, малды азығының шығынын малдың иесі төлейтін болады. Бұл талап малдың иесінің жауапкершілігін  арттырады деп ойлаймыз.

Сондай-ақ кеңесте шекара аумағындағы өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары да сөз болды. Өткен жылы Болашақ ауылдық округі аумағында дала өрті орын алып, шекарашылардың көмегімен шекарадан асып кетуіне жол берілмеген. Биыл бұндай жағдайлардың орын алмауы керектігі де баса айтылды.

Кеңес соңында осы және басқа да  қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Мөлдір ТӨЛЕКЕНОВА

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале