27.11.2020, 15:33
Оқылды: 2291

«Мандаланың» маңына жуымаңыз

Соңғы күндері Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылының тұрғындары «Мандала» атты ойынға ақша салып жатыр. Ойын шарты бойынша, 5000 теңге салып, астыңа тағы екі адам тартсаң, 40000 теңге алады екенсің. Не деген мырзалық? Қажет қаражатты салып, уәделі ақшасын алғандар да бар. Бірақ бұл да осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осындай жүйемен жұмыс жасаған «Ақжол» атты қаржы пирамидасының кебін кимей ме? Оған кім кепілдік бере алады?

финпир (1)

Естеріңізде болса, «Ақжол» да бастапқыда алғаш салымшыларына үйіп-төгіп ақша берген. Ал жарнамасын естіген адам елжіреп кететін.  Сол «Ақжол» «қазақ қазаққа жаны ашуы керек, бір-бірімізді қолдайық, тек өзімізді өзіміз ғана құтқара аламыз» деген сыңайлы әдемі сөздерімен халықты алдап, ақыры соңында біраз адам опық жеп қалған еді. Ал күні кеше елді шулатқан «Гранд ломбард» ше? Бүгінгі сөз болғалы отырған «Мандала» да салымшыларын алдап кетпесіне кім кепіл бола алады? Астарына үңілсең, жауаптан гөрі сұрағы көп.

Материал дайындау барысында аталған ойынның ватсаптағы тобына кіре алмадық, бірақ, соған ұқсас «СтратегияПассивныйДоход» атты топты тауып алдық. Кірісімен жылы қабылдап, ақ тілегін жаудырған Татьяна есімді топ әкімгері бірден шарттарды жіберді. 4000 теңге салып, 120000 алатын мүмкіндік бар екен.

Сұрастыра келе ресми атауы «Бизнес гейм» болып шықты. 20 адамнан 4000 теңгеден жинап, матрица жүйесі бойынша жұмыс жасайтын көрінеді. Барлығы 10 матрица. Шарттарды орындап, бүкіл сатыдан өткен салымшының алдымен 20000, кейін 12 матрицаға жетсе, тағы 100 000 алатын мүмкіндігі бар екендігі айтылды. Былай қарасаңыз, жақсы сияқты. Бірақ, топтағы әкімгерлердің бір де біреуі салған ақшамды кері алатыныма ешқандай кепілдік бере алмады. Айтуларынша, ең мықты кепілдік адамдардың бір-біріне деген сенімі екен.

Содан ресми маркетингтік жоба деген соң құжаттарын сұрадық. Бізге мөрі де, ешкімнің қолы да қойылмаған парақты жіберді. Оған сенгендей кейіп танытып, аты шулы «Гранд ломбард», «Ақжолдан» қандай айырмашылығы бар деген сауал тастадық. Мардымды жауап болмады. Кейін ресми тіркелген ұйым болса, соны растайтын құжаттарын қайта сұрағанымызда әңгімеге чатта отырған басқа адамдар қосылды. Олардың жауабы мынау: «Когда мы многие подписались столько вопросов не задавали и слава Аллаху уже через месяц заработала 160 тысяч, благодарю наших админов». Жауапты ешқандай боямасыз дәлме-дәл жазып отырмыз.

Жақсы, оған да көндіккендей болдық. Бірақ қанағаттанар жауап жоқ болған соң компания кеңсесі қай жерде орналасқанын білмек болдық.

Оған Диля есімді кісі, салымшы болса керек, «Вам какие еще доказательства нужны, вы не сто тысяч вложите, а всего 4 тысячи» деп жауап берсе, Дануна деген жан «Компания российская, основатель Гузель Мамаева», - деді.

Қызықтың көкесі осы жерде басталды. Компания ресейлік болса, ол өзінің жұмысын Қазақстанда жүргізу үшін арнайы рұқсат қағаз алуы керек қой, ең болмағанда сол қағазды көрсетіңіз дедік. Сауалға топ әкімгерлері Қазақстанда жұмыс жасауға ешкімнің рұқсаты керек емес деген сыңайлы жауап қатты. Осыдан-ақ олар өз істерінің заңсыз екенін көрсетіп қойды. Күдігімнің негізсіз емесіне көз жеткізу үшін «ең болмаса ісіңіз заңды ма жоқ па? Осы сауалға жауап беріңізші», - деп сұрақты төтесінен қойып едік. «Если вы пожелаете можете открыть свое ИП и платить налоги с данного вида деятельности» деген жауап алдық. Содан сөзінен сүрінген әкімгерге «Сіз сонда салық та төлемей отырсыз ба?» дегеніміз сол-ақ еді, топтан қуып шықты. Әрі қарай ештеңе жаза алмадым.

Амалсыздан топтан шығарып жіберген жанның жекесіне шықтық. «Неге мені топтан шығардыңыз?» деген сауалға ханым біздің жоба ұнамаса, үндемей шығып кетіңіз, адамдарға жұмыс істеуге кедергі келтірмеңіз, - деді. «Неге салық төлемейсіз?» деген сауал тағы да жауапсыз қалды. Оның орнына  алдамақ болғандай ниетпен түрлі сілтемелер мен жобаның әдемі суреттермен көмкерілген таныстырылымы жайында видеоларды ғана жіберумен болды. Оған сенбейтінімді айтқанымда өміріндегі қиындықтарды және өзі де талай мәрте аузы күйгенін айта келіп, дәл осы «Бизнес гейм» ғана сенімді екенін айтып, ақталды. Бірақ, сөздерін ешқандай құжатпен растай алмады. Ал ресми сайтын сұрағанымда қуана-қуана сілтеме жіберді. Оны сайттардың тексеретін арнайы платформаға салған едік. Күдігіміз шындыққа айналғандай болды. Өйткені сайт тек 206 күн ғана жұмыс жасап тұр екен және кірген адамдар оған сенімсіздік танытып баға берген. Негізінен фишингтік сайт, сенімсіз сайт және қаржы пирамидасы деген баға алыпты қолданушылардан. Аталған жоба сайтының алған бағасын және чатта болған әңгімені мақала суреттерінен көрсе аласыздар.

Естеріңізде болса, алғаш қаржы пирамидасы туралы түсінік тоқсаныншы жылдары атақты Сергей Мавродий ісінен кейін шыққан болатын. Содан бері қанша жыл өтсе де адамдар оған сенуін қояр емес. Күні кеше миллиондаған ақшаны қалтасына басып, қашып кеткен «Гранд ломбард», «Ақжол» сияқты қаржы пирамидасының былығы да ешкімге сабақ болмаған-ау. Аудан орталығында аты жайылған «Мандала» да сондай пирамида еместігіне кім кепілдік бере алады? Сонда ақша салып, осы күні адамдарды сенбеуге шақырып отырған жан да бар. Атын атамауын өтінген Переметныйдағы мектептердің бірінің мұғалімімен болған әңгіменің де үзігін салып отырмыз. Мақалама тұздық болсын, - деп хабарласқанымда әлгі ұстаз «Мандалаға» мүлде жоламауымды сұрады. Айтуынша, ойынға досының өтініші бойынша кіріпті. Бірақ, шығып кеткен. Шыққан жандардың ақшасы қайтарылған. Ол да бір жақсылықтың нышаны және ойын ұйымдастырушылардың адамгершілігінен болар? Лайым солай болсын!

Абасында кім? Қалай ойнап жатырғанын біле алмасақ, бірнеше адаммен тілдескен соң ауыл адамдарын ойынға үгіттеп жүргендердің біріне хабарласуға мүмкіндік алдық. Көпті шақырған жанға телефон шалдық. Мен осы ойынды ойнағым келеді. Бірақ, маған және соңыма ерген екі адамның ақшасы өсіп қайтатыны туралы құжат беріледі ме деген сұрағыма әлгі адам ешқандай құжат берілмейтінін айтты. Бірақ айтуларынша, бұл ойынды бүкіл Қазақстан ойнап жүр екен. Соңғы күндері ойыннан шығып кеткен үш адамның ақшасы қайтарылыпты. Бұл да жаман емес. Ал сізге осы ойын туралы айтқан адаммен қалайша хабарласа аламын, ең болмағанда ұйымдастырушылар маған сондай құжат бере алады? деп едім тұтқаның арғы жағындағы адам ренжіп, «Бұл ойынға әркім өз ақшасын салады, ойнағысы келмеген жан шығып, өз ақшасын қайтарып ала алады», - деп жауап қатты. Дауыс ырғағы өзгеріп, ашуға булыққаны байқалды. Бірақ, ақша қайтарылса да қайтарылмаса да, заңды түрде жұмыс жасап отырған адам бөгде алдындағы жауапкершілігін сезінуі және мойнына алған міндеттерді орындауы керек-қой. Ақша салған соң кез келген адам оның қайтатынына сенімді болғаны да дұрыс. Осыдан «Мандала» да кезекті қаржы пирамидасы емес пе екен деген күдік ойда қала бердік. Мүмкін ойын ғана болар? Бірақ пирамидаға өте ұқсас. Сондай-ақ ойнауға үгіттеп жүрген адамның да заңды сауалдарымызға берген жауабы күдігімізді сейілтпеді.

Әрине, әркім тапқан ақшасын қайда салса да өз еркінде. Тек адам осындай ойындарға кірген кезде өзінің ғана емес, соңынан ерген адам алдында да жауапты болатынын ұмытпаса екен. Өйткені біреуді үгіттеген жан соңынан ерген адам алдында да кепіл болғаны жөн.Себебі ешкім ешкімге ақшасы қайтатыны жайында мөрі басылып, қолы қойылған хат ұсынбайды. Қалай болғанда да сақ болайық.

Неге екені белгісіз әйтеуір жаңа жыл қарсаңында осыған ұқсас ойындар мен қаржы пирамидаларының жұмыс ерекше жанданады. Жылдар бойы ойынның авантюра екені дәлелденіп келе жатса да көп адам сенуін тоқтатар емес. Себеп неде? Халықтың қаржы сауатының аздығы ма? Әлде басқа ма?

Әрине айына 200, 300 мың не одан да көп жалақы алатын адам жоғарыда аталған күмәнді нәрсеге ақша салмасы анық. Не болса да тапқанын қапқанына жеткізе алмай жүрген минималды жалақы алатындар ғана барымды көбейтемін деген үмітпен келеді бұған. Бірінің жолы болып, салғанын еселеп алса, енді бірі қаржысын жоғалтып, жер теуіп қалады. Өкініштісі сол, жер теуіп қалатындардың көптігінде болып отырғой. Мақаламызға себеп болған «Мандала» да үн-түнсіз жоқ болып кетпей, сенген салымшыларын жер қаптырып кетпесе болғаны...

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале