11.01.2017, 16:53
Оқылды: 38

Мәуліт мерекеленді

akjayik-maulit-merekelendi  Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) сансыз салауат айтылып, Мәуліт мерекесі аталып өтті.

  Бұл шараның асыл дініміз Исламды насихаттаудағы, Мұхаммед Пайғамбарды ұлықтаудағы маңызы шексіз екенін жыл сайын осындай мереке айқын көрсетіп келеді. Бұл жолы да «Мерей» мәдени-демалыс орталығына жиналғандардың қарасының көп болуы соған көз жеткізді. Алла тағаланың жер бетіне түсірген қасиетті кітабы Құран Кәрімнен сүре, аят оқып, аудандық мешіттің имамы Ерлан Әйтенов ашқан мейрам барысында Мәуліт айының қадір-қасиеті мен ерекшелігі, Пайғамбарымыздың өмір жолынан хабар беретін уағыз айттылды. Облысымыздың өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы сөз алып, ынтымақ пен бейбітшілікке, тазалық пен сабырлыққа шақыратын Ислам  діні хақында ой толғады.


  - Мәуліт мерекесі елімізге құт-береке, шаттық әкелсін. Сардарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пір тұтқан барша мұсылмандардың иманы күшейіп, хақ жолында жүруді нәсіп етсін! Мәуліт мерекесін мәнді де мазмұнды, жоғары деңгейде өткізіп жатқан ақжайықтықтарға зор алғыс білдіремін,- деді ол.

  Өкіл имам бұрын басқа елдің боданында бұғауланған қиын-қыстау заманды бастан өткерген қазақтың Алланы аузына алып, дінге бет бұрып жатқанын зор жақсылыққа балады. Сонымен қатар ол ғаламторды «ұстаз» қылып, жат ағымның жетегінде кеткен кейбір қандасымыздың Отанын тастап кетіп жатқанына қынжылыс білдірді. Оның алдын алу үшін ақсақалдарымыздың сөзіне құлақ асып, ақ жолдан айнымай, асыл дінімізді жас ұрпақтың бойына дарытуда бірлесе жұмыстануға шақырды.

  «Таным» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендері қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік төрағасы Құрман Бисеғалиев, Қабыршақты ауылдық округінің имамы Нұрсапа Жайтуғанов, «Жайықтехсервис» кәсіпорнының директоры Әлжан Досмақов, «Жігер» спорт клубының директоры Марат Ығылманов жастар тәрбиесіне ұдайы белсене қатысып жүрген азаматтар ретінде облыс өкіл имамының Алғыс хатымен марапатталды.

  Қ.Ж.Бисеғалиев ауданның діни ахуалын сөз етіп, бұл орайда бүгінге дейін жеткен жетістіктерді баяндап өтті. Мереке режиссер Кеңес Жұмабековтың аудандық халықтық театр мүшелері сомдаған «Адасқандар» драмалық қойылымымен жалғасты.

  Шарада аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев болды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале