11.12.2018, 12:10
Оқылды: 55

Махмет Қажиахметов: «Ер адам ер адамға ұқсауы керек!»

Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушылары ақын, журналист, Қазақстан Журналистері Одағының мүшесі, Сырым ауданының Құрметті азаматы Махмет Қажиахметовпен кездесті.

 syrym kezdesu (3)

Махмет Қажиахметовтың өмірінде жас буын өнеге алатын тұстар өте көп. Ол кісі - ауданның баспасөз саласында қырық жылдың үстінде еңбек еткен кәсіби журналист. Жазба поэзия мен айтысты тең ұстаған ақын. 2015 жылы «Көгершін көңіл» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген ақынның «Дала демі» атты келесі жинағы баспаға дайындалу үстінде. Былайға жұрт Махмет мырзаны аңшы ретінде де жақсы біледі. Ал оның әуелгіректе Жымпиты ауданының мәдениеті саласында театр суретшісі, кейін актері болғаны тағы бар. Бір бойға біраз қасиетті жинақтаған Махмет Қажиахметов өзінің ақындығын да, аңшылығын да бірінші әкенің тәрбиесінен, кейін даланың тәрбиесін деп түсіндіреді. Ол бүгінгі буынға ауылға деген адалдықты, далаға деген махаббатты және азаматтық болмысты көбірек насихаттады.

-Ер адам ер адамға ұқсауы керек. Жігіттерге жігерсіз, бос болуға болмайды. Мына дала, мынау ел – ер азамат үшін тұнып тұрған тәрбие. Азамат жігіт елдің ортасында өсуі керек,- деді өзінің сөзінде.

Біз ақынның бұл сөзінің астарында бүгінгі шоу-бизнестің көркіне айналған түрі әйелге ұқсаған, қылығы қызға ұқсаған жігіттерге деген ашу жатыр-ау деп ойладық.

Кездесу барысында «Дарын» поэзия үйірмесінің шәкірттері Махмет Қажиахметовке арнаған өлеңдерін оқыды. Кештің қорытындысында Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының басшысы Айнұр Мұхамбетжанова Махмет Қажиахметовке балалармен кездесуге келгені үшін алғыс білдірді. Кейін ұйымдастырушылар кеш қонағының иығына шапан жапты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале