15.08.2017, 14:28
Оқылды: 23

Мәжіліс депутаты шаруа қожалықтарын аралады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсаттаров Зеленов ауданында шаруашылықтарды аралап, жұмыстарына қанықты.


Алдымен Дарияндағы «Каверин» жеке шаруашылығының май-ірімшік зауытында болған депутат К.Ғарапұлы шаруашылық жетекшісі Сергей Каверинге ауылдық жерде өндірістің көлемін арттырып, сапаға бағытталған талапты жетілдіру, ауыл шаруашылық кооперативін құру бағытында ел үкіметінің қолға алған жобаларын түсіндіріп өтті.

2010 жылы іске қосылған зауыт сүтті қайта өңдеп сары май мен түрлі «чечил» ірімшігін өндіреді. Тәулігіне 40 тоннаға жуық сүт өңдеп тұрған зауыттың келешекте өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігі мол. Бұл бағытта қосымша құрылыс нысаны салынуда. Облыстан бөлек, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Астана, Петропавл, Ақтау қалаларына өнімін өткізіп отырған зауытта 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, төңіректегі ауылдар күнделікті сауылған сүтін тапсырып, отбасылық табысын осы жерден айыруда. Әр қызметкермен жеке тілдесіп, жағдайларын сұрап білген халық қалаулысы  заманға сай жабдықталып, сүт өңдеуге қатысты барлық талаптар сақталған зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

Депутат Дариянның құнарлы топырағына бақша егіп, мол өнім алуға әбден машықтанған «Ильичев» шаруа қожалығына барды. Өнімнің сапасына көз жеткізіп, шаруаның мәселесіне құлақ түрді.

– Бірден бәрі қайдан оңып кете қойсын. Сапалы тұқым іздеу, бақшаны баптауға қажетті техника мен тамшылатып суаруға арналған құрылғыны алу қиынға түсті. Мақсат қойғасын қиындықтарды жеңуге тырыстық. Бірақ, қазір одан да өткір мәселеге тап келдік. Бау-бақшаны баптай білетін маман жоқ. Маман дейміз-ау, тіпті бақшаны күзеп, түзеп, түптеу үшін қарапайым жұмысшы таппай қалатын кездер де болады. Ауылда бос жүрген тұрғындардың күннің астында адал еңбектеніп, нәпақа табуға құлқы жоқ. Бірер күн жасап, ақысын сұрайды. Ұстата салсаң, ғайып болады. Жыл сайын 14 гектарға тұқым салатын шаруашылыққа кемі 12 жұмысшы қажет болса, жиын-терім науқанында олардың саны еселеп артады, - деген қожалық жетекшісі Н.Ильичев мәселені шешу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп отыратындығын алға тартты. Қажетті тыңайтқыштар алу үшін берілетін  мемлекеттік демеуқаржыны тиімді пайдаланған шаруа биыл да мол өнім алмақ ниетте.

Зеленовтағы картоп өсіруші ірі шаруашылықтардың бірі – Александр Мясников жетекшілік ететін «Август» шаруа қожалығы. Сапалы картоптан мол өнім алып, тауарын ауданымыздың «брендіне» айналдырып үлгерген шаруашылықта жұмыстың бәрі автоматтандырылған. 2005 жылы құрылған қожалықта жалпы сыйымдылығы 3200 тонна болатын 3 көкөніс сақтау қоймасы бар. Аз аумақтан мол өнім алу қағидатын берік ұстанған шаруашылық биыл 200 гектарға себілген картоптың әр гектарынан 300 центнерден өнім алуда. Сондай-ақ 200 га алқапқа егіліп, жайқалып тұрған жаздық бидай жуырда орақ түспек.

– Елбасы жолдауында айтқан ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру мақсаты бекер емес. Бұл – сапалы әрі қауіпсіз өнім, жаңа жұмыс орындары әрі экономикалық кіріс көзі. Ауыл шаруашылығының өркендеуі түптеп келгенде елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Бұл бастамаға зеленовтық шаруалар айрықша үлес қосуда. Егін, бау-бақша, ет, сүт өңдеуде тың технологиялар енгізілген. Бұл өз кезегінде сапалы әрі мол өнімнің нақты кепілі, -  деді сапарын түйіндеген халық қалаулысы.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы  

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале