19.10.2018, 18:30
Оқылды: 55

Медиахолдинг Теректіге «Туған жермен» келді

 Екі облыстық және 12 аудандық басылымдардың басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингі өкілдері «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясында Теректі ауданына келді.

 IMG_0046

Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитов бастаған, құрамына журналистер және Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары кірген ауқымды делегация алдымен Долин ауылы маңында орналасқан, жақында ғана ашылған Тақсай ханшайымының кесенесіне ат басын бұрып, зиярат етті.

Одан әрі делегация мүшелерін аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады. Қабылдауда оның орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Мүтиев және «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің ұжымы болды.

Қабылдаудан кейін медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов аудандағы ардагерлермен, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева Федоров қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымымен, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Достық үйінде газет жанашырларымен және аудан белсенділерімен кездесті. Онымен бір мезгілде Федоров қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде 7-11 сынып оқушылары арасында аудандық шығармалар байқауы ұйымдастырылып, талапты шәкірттердің арасынан облыстық «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне қатысушыларды анықтау жүргізілді.

Аудандық орталықтандырылған кітапханада ардагерлермен болған басқосуда қариялар облыстық, аудандық газет беттерінде халықтың қызығушылығын арттыратын айдарлар, соның ішінде шежіре, үлгілі жас отбасылар, көпті көрген ақсақалдардың кеңесі сынды көлемді мақалалар жарияланса деген ұсыныстарын айтты. Жиынға қатысушылардың пікірін мұқият  тыңдаған   «Жайық Пресс» медиахолдингі басшысы Рауан Сәбитұлы  басылымдардың негізгі оқырмандары қариялар екенін айтып, ұсыныстарын жерге тастамайтынын жеткізді.

Мектепте өткен кездесуде «Орал өңірі» газетінің тілшісі Г.Әжігереева ұстаздар мәртебесін арттыру, заман талабына сай барлық техниканы жетік меңгерген «әмбебап ұстаз» атану, кез келген ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, анығына көз жеткізу тәсілдерін атап өтті.

«Достық үйінде» ауданның белсенді азаматтарымен жүздескен «Приуралье» газетінің бас редакторы Р.Сыйықова Елбасымыз Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауында айтылған өзекті мәселелер, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті. Дөңгелек үстел түрінде өткен жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, тәжірибелерімен бөлісті.

Түстен кейін этно-мәдени жобаға қатысушылар әйгілі жырау Марабай Құлжабайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Содан соң аудандық мәдениет үйінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен жоғарыда айтылған іс-шараларды қорытындылаған гала-концерт өтті.

-Елбасымыздың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халықпен кездесіп, мақалада айтылған мақсат-міндеттерді талқылап, сонымен қатар облысымыздың түкпір-түкпіріндегі оқырмандарымызбен жолығып, газет жанашырларымен дидарласып, олардың ой-пікірлерін біліп, сын-ескертпелерін есту үшін аудандарыңызға ат басын бұрған болатынбыз. Бүгінгі шараның арқасында діттеген мақсаттарымызға жеттік. Бізбен бірге болғандарыңызға рахмет. Алдағы уақытта сіздердің үміттеріңізді ақтап, ақжолтай хабарларымызбен қуанта береміз деп сендіргім келеді, - деді гала-концерттің ашылуында сөз сөйлеген медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы.

Теректілік әншілер А.Дәулетқалиев, К.Қадырғалиева, Т.Жексенбаев және Қ.Сағидуллиннің орындауында ауданның әнұранына айналған «Теректі толқыны» әнімен шымылдығы түрілген концерт барысында аудандық газетке қолдау көрсетіп, жазылымды жылма-жыл жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген 15 ауылдық округ әкімдері алғыс хаттарға ие болды. Сондай-ақ, басылымға жанашыр жергілікті бір топ мекеме басшыларына да осындай марапат көрсетілді. Атап айтар болсақ, Зейіл Мағзомов, Галина Құрматова, Марина Лукмановаға медиахолдинг атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Облыстық және аудандық басылымдарға жан-жақты қолдау көрсеткен аудан кәсіпкерлері Қамбар Махметов, Руслан Лұқпанов және Менболат Абушевқа медиахолдинг атынан 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарға уақтылы жеткізетін аудандық «Қазпошта» АҚ-ның қызметкерлері Шынаргүл Табынғалиева мен Ару Құсайынова да марапаттан тыс қалмады.

Қорытынды шарада аудандық газетке тұрақты түрде сапалы мақала-материал жолдайтын Юлия Шарипова, Гүлдариға Амандықова, Дария Жұбатова, Юлия Шыныбекова, Азета Мусина, Әлібек Ислямғалиев сынды  белсенді азаматтарға «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі, сонымен қатар, газетте тырнақалды туындыларын жариялап үлгерген жас, талапты Дана Рақымғалиқызы, Жәңгірхан Базарбаев, Мерует Абуева, Ксения Тарасюк секілді балғын қалам иелеріне «Теректі жаңалығы – Теректинская новь газетінің жас тілшісі» куәліктері салтанатты түрде табыс етілді.

Аудандық «Ғажайып өлке» шығармалар байқауында топ жарған Е.Бейбітова, А.Ізімғалиева (Госплемстанция ЖОББМ оқушылары, жетекшісі – Г.Ғилманова), Б.Себеп ( №1 Подстепный ЖОББМ, жетекшісі – Г.Мұқанова) облыста қараша айында тұңғыш рет өткелі отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Байқауда үздік шыққан шәкірттерге, олардың жетекшілеріне, іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан аудандық білім беру бөліміне алғыс хаттар берілді.

Шара кезінде «Қазпошта» аудандық торабы бөлімшесінің қызметкерлері облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттеріне және аудандық «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газеттеріне 2019 жылға жазылу жүргізді. Алғаш болып басылымдарға жазылған аудан әкімі Ә.Жоламанов және оның орынбасары А.Тоқжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Мүтиевке жазылуды айғақтайтын арнайы түбіртектер салтанатты түрде тапсырылды.

Шараның шырайын облыстық филармония әншілері Ақмарал Ахметова, Асланбек Қуаналиев, Ақмарал Кемелханова, Алтынбек Оразов және Дархан Құлбабаев әсем әнмен келтірді. Халық пен басылым жанашырларының мерейін биікке бір көтеріп тастаған

медиахолдингтің тамаша жобасына теректіліктер дән риза болды.

IMG_0143 IMG_0154 IMG_0171

IMG_0152 IMG_0166 IMG_0185

 

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ,

Суретке түсірген Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале