20.10.2017, 12:06
Оқылды: 24

Медицина саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Қайырымдылық айлығында қарияларға қарайлап, қамқорлық танытатын игі дәстүрді Бөрлі аудандық орталық аурухана ұжымы мен оның кәсіподақ ұйымы биыл да жалғастырды.

Ауданның бас дәрігері Ж.Шайхиев пен кәсіподақ ұйымы төрағасы Ә.Бектұрғанов, сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сиражев көп жыл бойы денсаулық сақтау саласында қызмет еткен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Бөрлі ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Ланцевтің шаңырағында болды. Сұрапыл соғыста жаумен шайқасқан жауынгер Виктор Александрович елге келген соң жедел жәрдем көлігін жүргізген. Бүгінде 93 жасқа келген қария өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, дәрігерлер жиі келіп тұрса деген тілегін де жеткізді.

Сонымен қатар бірі фельдшер, бірі көлік жүргізуші болып еңбек еткен осы ауылдағы ерлі-зайыпты В.И. Кочко мен Е.П.Кочколардың да үйіне бас сұқты. Ақсайдан арнайы барған меймандар білікті де білімді медбике болып қызмет еткен зейнеткер В.Ф.Срыбниктің хал-жағдайын біліп, әжей ақжарма тілегімен шығарып салды. Ақсай қаласында тұратын зейнеткер М.Б.Симоненко да медбике боп еңбек еткен. Бұл еңбек ардагерлерінен басқа тағы да бес зейнеткердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, мұң-мұқтажын тыңдаған бұл топ барлық қарияға ақшалай көмек көрсетіп, игі тілектерін айтты.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале