21.06.2017, 20:03
Оқылды: 62

Медициналық сақтандыру заман талабы

Taskala medicinalik saktandiru zaman talabi   Тасқала ауданында БҚО кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Т.Төлепов пен облыстық кардиология орталығының бас экономисті Г.Жұмалиева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүйесін түсіндіру мақсатында семинар-кеңес өткізді.

   Аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның төрайымдық етуімен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері мен жергілікті мекеме-ұйым басшылары қатысты.


    Семинар-кеңесте Гүлсара Мұстафақызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңыздылығына тоқталды. – Осы жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы тапсырмасын орындауды қарастырылған болатын. Тұтастай алғанда, құжат азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше кезеңнен өтіп, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қамтитын болады.

   Осыған орай, құжатта азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті белгіленіп отыр. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Бұл пакет азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуді көздейді және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ бұл көмек түрлеріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектер, жаппай егу секілді бірқатар көмектер жатады. Ал ондай көмектер еліміздің барлық азаматтары мен оралмандары үшін қолжетімді болады.

   Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын қосымша пакет көзделеді. Бұл базалық пакетке кірмейтін қосымша медициналық көмек түрлерін қамтиды. Олардың ішінде амбулаториялық емханалық көмек, стационарлық және оны алмастыратын көмек, жоғары технологиялар қолданылатын медициналық көмек түрлері қамтылады, деді – ол өз сөзінде.

   Мұнан соң Тимур Нұржанұлы қосымша пакет тек міндетті Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға тиесілі әрі қолжетімді екенін айтты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құрылады. Бұл ретте жұмыс берушілер өз жұмысшылары үшін еңбекақы қорынан бес пайыз, жұмысшылардан 2 пайыз, өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етушілерден көрсетілген табысынан 7 пайыз жарна төлейтіндігін жеткізді.

Е.ЕЛЕКЕНОВ
Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале