17.03.2017, 21:00
Оқылды: 32

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселелері талқыланды

Screenshot_2017-03-17-19-59-00-1-1Теректі ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен өткен дөңгелек үстел отырысында мемлекеттік сатып алу рәсімі мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселелері қозғалды.


 

-Облыста бүгін МЖС бойынша балабақша құрылысын салу жөніндегі бес жоба бар. Осындай жобалар сіздің ауданда да қолға алынуы әбден мүмкін. Өйткені сіздерде де балабақша қажеттігі күн тәртібінен түскен жоқ, - деген Б.Қонысбаеваның айтуынша, облыста екі заңды тұлға осы мәселемен нақты айналысуда. Бірі – МЖС жобаларына қолдау көрсету бойынша заңды тұлға – «Орал» АШКК ҰК АҚ . Екіншісі – сараптама бойыша заңды тұлға – «Алгоритм» технопаркі. Олар әрқайсысы өз саласында түскен ұсыныстар негізінде жобаларды сараптап, дайындау жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті әр салада жүзеге асыруға болады. Мемлекет тарапынан қолдау да, серіктестік қаржыландыру түрінде де көмек болады.

Аудан әкімі Мұрат Мұқаев өз сөзінде мемлекет балабақша салуды жеке кәсіпкерлерге беріп отырғанын айта келіп, аудан бойынша 400 бала мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне кезекте тұрғанын жеткізді. Мемлекет бизнеске бұл істе көмек көрсетеді. Аудан бойынша ірі елді мекен – Подстепный ауылында осындай мемлекеттік-жеке меншік серіктестігімен екі балабақша салу жобасы бар.

Дөңгелек үстелге қатысып отырғандар осы іске қатысты «Егер жеке үйді бейімдесе, мемлекет көмегі қандай болады? Сенімді басқару кезінде қандай талап қойылады? Серіктестік арқылы салынған балабақшаға бүлдіршіндерді кезектен тыс қабылдай беруге бола ма?» деген сұрақтарын қойды.

Аудан басшысы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, ауданда мемлекет-жеке меншік серіктестігі әлі күш алып кете қойған жоқ. Дегенмен халық осы жобаның пайдалы екендігіне көзі жетісімен, іс ашуға талаптанушылар қатары күрт артатыны анық.

Бұдан әрі қаралған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының орындалуы туралы мәселе өте қызу талқыланды. Әсіресе, өз қызметін немқұрайлы атқарып, уақтылы шот есебін шығармайтын «Қазақтелеком» АҚ жұмысы сынға ілікті. Аудан аумағынан өтетін облыстық маңыздағы жолдар бойынша мердігерлер жөнінде де сын сөздер естіліп қалды.
БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік аудиторы Асылбек Арыстанов, облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының бас маман-заңгері Илдар Гайнутдинов кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап берді.

Теректі ауданында өткен семинар-кеңес жайлы өз пікірін білдірген облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева:
– Мен осы жерде шешімін күткен алты мәселе барын анықтадым. Осындай семинарларды біз барлық аудандарда өткіземіз. Сол отырыстардың қорытындысы бойынша түйткілді жерлерді анықтаймыз. Жүйелі қарауды қажет ететін мәселелерді жоғары тұрған министрліктер алдына жеткіземіз. Өйткені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді солар атқарады. Енді жұмыс барысында шешілетін сұрақтардың шешімін табу үшін әдістемелік көмек көрсететін тиісті уәкілетті органдар жұмыстанатын болады.

Нұрзия СИСЕНБАЕВА
Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале