4.06.2018, 11:27
Оқылды: 100

«Мен қазақпын» - Зеленовта

Әр қазақтың ар-ожданын асқақтатып, рухын ұлықтайтын «Мен қазақпын» мегажобасы Зеленовқа да жетті.

Жобаның аудандық кезеңіне округтерден келген 12 үміткер қатысты.

Ұлттық өнеріміздің мерейін асырар ұлық жобаның аудандағы іріктеу кезеңін тамашалауға «Qazaqstan» РТРК АҚ БҚО филиалы директоры  басшысының орынбасары Клара Қамбетова мен облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов арнайы келді.

Ауданның үздік әнші-термешілері мен күйшілерінің басын қосқан өнер сайысының ашылуында сөз алған Мәулет Өтемісұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыста 8 күйші, 5 әнші бақ сынады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әр қатысушы барынша дайындалған. Әнді де, күйді де нақышына келтіре орындаған өнерпаздар көрермен қауымды бір серпілтті.

DSC_0414Өнер бәйгесінің соңында сөз алған Клара Мұсақызы:

- Былтыр аталмыш жобаны тек облыстық деңгейде ғана ұйымдастырған болсақ, биыл кең көлемде өткізіп отырмыз. Өңіріміздің барлық аудандарын аралап, ауыл-аудандардағы өнерпаздарға мүмкіндік беруді жөн көрдік.

Зеленов ауданындағы іріктеуге 12 өнерпаздың келгендігі қуантады. Шынын айту керек, осыншама көп қатысушы болады деп ойламадық. Бұл өте қуанышты жайт. Өйткені, бұл ұлттық өнерге, ән мен күйге деген қызығушылықтың айқын көрінісі, - деп атап өтті жоба жанашырлары.

Жобаның облыстық кезеңіне күй жанры бойынша Мерей Қазиев пен Ақмарал Қуатова лайық деп танылса, ән жанрында халық әні «Ақкербез» бен Мұхиттың «Сүйген жарын» орындаған Нұрқанат Досқалиев облысқа жолдама иеленді.

Байқау жеңімпаздары мақтау қағаздарымен марапатталды.

 Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале