8.12.2016, 16:02
Оқылды: 33

«Мен жиырма бестемін!»

Осындай атаумен Сырым ауданының орталығы Жымпитыда тәуелсіздік құрдастарының форумы өтті. Шара ҚР Тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай ауданда жарияланған «25 жұлдызды күн» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Форум делегаттары салтанатты жиын алдында қайырымдылық шараларына қатысты. Делегаттардың бір тобы ҰОС ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы Латифолла Кереевтің шаңырағында болып, ардагермен жүздесті. Сондай-ақ, Сырым ауданындағы педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті балаларына сыйлықтар алып барды.

«Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалында «25 түрлі ой» атты семинар-тренинг өтті. Тренингке қатысқан әрбір жас өз ауылының болашағы жайлы ойымен бөлісті.

ҚР  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мен жиырма бестемін!» форумы аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Қорытынды шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты. Ауданның қоғамдық-саяси өмірін өркендетуге үлесі бар 1991 жылы туылған аудан жастарының бір тобын осы форумда аудан басшысы өзінің алғыс хатымен марапаттады.

Қасым Бисенғалиев – Тәуелсіздіктің құрдастарының бірі. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде 7 жыл білім алған жас дәрігер-хирург бүгін Сырым аудандық орталық ауруханасында еңбек етеді. Қасым елге еңбек етуді бақыт деп түсінеді. Замандастарын осы бақытты сезінуге шақырады. Жас маман форумда осындай әңгіме айтты.

Қасым сияқты бірқатар белсенді жастар да өзінің ойларын білдірді. Бәрі де қатарластарын ерлікті, елдікті құрметтеуге, еркіндікті бағалауға үндеді. Форум сахнасында Армат Алдамжаров, Ақылбек Кәкімов, Бекей Қанатов сияқты өңірге белгілі әншілер өнер көрсетті.

Аудандық мәдениет үйінде ауылдық округтердегі жастар саясатының дамуы жайлы көрме қойылды. «Мен жиырма бестемін!» атты тәуелсіздік құрдастарының құрметіне орталықтағы Қадыр алаңында сәндік жарықшам орнатылды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале