8.05.2019, 12:00
Оқылды: 27

Мергендіктер майдангерін еске алды

Ақжайық ауданының Мерген ауылдық округінде Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай дала қызықтары өтті. Бұл шараны Фин соғысының және Ұлы Отан соғысының ардагері, Мерген ауылдық округінің тұрғыны болған марқұм Омар Есенғазиевтың ұрпақтары ұйымдастарды.

IMG_5243

         Шарада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев болды. Қалияр Айтмұхамбетов, Мерген ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Сағаденов сөз сөйлеп, Омар Есенғазиевтың өмір жолын, атқарған еңбегі жөнінде тебірене айтты. Ардагердің үлкен ұлы Қалим Есенғазиев ардақты әкесі жайында естеліктермен бөлісіп, Ұлы Жеңіс сарбазына құрмет көрсете келгендері үшін баршаға алғысын жеткізді.

         Омар Есенғазиев жиырмасыншы ғасырда болған екі бірдей сұрапыл соғысқа қатысып, ерлік көрсетті. Майдан даласынан аман-есен оралған ол ұзақ жыл мал бағып, елдің дамуына зор үлес қосты. Бүгінде ұрпақтары әке ізімен мал шаруашылығымен айналысады. Қалим, Халел, Абай, Абылай Есенғазиевтер Мергенге қарасты Жолап елді мекенінде шаруаларын дөңгелетіп отыр. Олар сонымен қатар ауылдастарына қарайласқан қайырымды жандар ретінде танымал.

         Осы күн құрметіне орай өткізілген 12 шақырымдық тоқ бәйгеге жер-жерден 17 сәйгүлік қатысты. Салғаннан қапталдастарына шаң жуытпаған Қазталов ауданы Көктерек ауылынан келген Асылхан Төлеуғалидың жүйріктері І және ІІ болып келді. ІІІ болып мәреге Есенсай ауылдық округі Кеңсуат ауылынан келген Алпамыс Өтемісовтың жүйрігі жетті.

         3 шақырымдық тай жарыста 10 жас тұлпар бақ сынады. Чапаевтық Нұрлан Төлегеннің сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Есенсайлық Мақат Мүсеевтың аты екінші, ақжолдық Дархан Жұлқашевтың аты үшінші болып жетті.

         Сонымен қатар қазақ күресінен бәсеке ұйымдастырылды. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды чапаевтық Баубек Ғайсин, ІІ орынды қарауылтөбелік Нұрдәулет Уахит, ІІІ орынды жаңабұлақтық Мерлібай Пауедден еншіледі. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чапаевтық Фархат Уахитов «Түйе балуан» атанды. Мергендік Нұрлан Ниетқалиев ІІ орынға, қарауылтөбелік Нұрдәулет Уахит ІІІ орынға табан тіреді. Ат жарысында бәйгелі болғандар, жеңімпаздарды Есенғазиевтер әулеті қаржылай сыйлықтармен қошеметтеді. Қой көтеруден қойды 59 рет көтерген мергендік Юрий Болдырев жеңімпаз атанды.

         Шара соңында майдангерге Құран бағышталып, ас берілді.

Бекболат Қаленов,

Ақжайық ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале