17.10.2018, 17:41
Оқылды: 82

Министрлік өкілі Қазталовта болды

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы міндеттерді түсіндіру мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов жұмыс сапарымен Қазталов ауданының Жаңажол мен Жалпақтал ауылында болды.

qaztalov (2)

Іссапарын Жаңажол ауылынан бастаған Замир Садықұлы ауылдағы кіреберіс және ауыл ішіндегі көшелердің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі ұзындығы 7,4 км болатын 3 көшеге қатқыл табанды жол салу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Жаңажол ауылындағы 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да сапалы салынған. Бұл құрылыс жобасына республикалық, облыстық бюджет есебінен 510 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі күнде 6,4 шақырым жол салынып, ауыл халқы риза. Кездесуде «Айдана» ЖШС өкілдері құрылыс жұмыстары жайында баяндады.

Мұнан кейін жауапты хатшы мекеме-кәсіпорын басшыларымен, ауыл ақсақалдарымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, Елбасы Жолдауын түсіндірді. Кездесу барысында аудан басшысы Абат Шыныбеков аудан көлемінде атқарылған игі істер жайында баяндап, алда әлі де атқарылатын жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды. Өз кезегінде Замир Сағынов Жолдау жолдарын кеңінен түсіндірді.

- Ауданда бірқатар жұмыс істелгенін көріп отырмыз. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, бүгінде тас жолдарды салу қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасының тапсырмасына орай жол салу әрі қарай жалғасады. Келер жылы аудан орталығы Қазталовқа жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар тоқтап қалмай әрі қарай Бөкей ордаға, Жәнібекке жеткіземіз деген ойдамыз,- деді Замир Садықұлы.

Бас қосуда облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары Мағауия Есмағұлов, Мұрат Ахметжанов, жаңажолдық зейнеткер Айгүл Қаймашева, Жалпақтал ауылының еңбек ардагерлері Әлібек Қоңырбаев, Кенжебай Үмбетов ой пікірлерін айтып, Жолдауды қолдайтындықтарын білдірді.

Бұдан бөлек министрлік өкілі аудан орталығында аудан активімен кездесті. Елбасы Жолдауында көрсетілген айқын міндеттерге де тоқталып өтті.

Сонымен қатар жиныда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, Алма Оразбаева атындағы мектептің мұғалімі Мирболат Мырзағалиев, аудандық орталықтандырылған аурухананың дәрігері Диана Хабилова, Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектептің мұғалімі, жас маман Гүлбарам Лұқпановалар Жолдауға қатысты өз пікірлерін білдірді.

Жиын соңында Жолдауды іске асыру мақсатында арнайы қарар қабылданды.

qaztalov (1)

 

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале