9.10.2017, 17:09
Оқылды: 41

«Мұнайдар Балмолда тарихи деректерге жан бітірді»

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тілші, тележурналист, кинорежиссер, публицист Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты тарихи романының таныстырылымы өтті.

Автор және оның тілектестерін, барлық жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі. Өткен ғасырдың 40-жылдары өңіріміздің Жалпақтал ауылында белсенді әрекет еткен, кейін аяусыз басып-жанышталған «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» атты жасырын ұйым, оның басшысы Ғұбайдолла Әнесовтың ерлігі жайында жазылған бұл еңбек туралы бүкіл еліміз кеңінен хабардар болуда. М.Балмолда көркем образдар арқылы жастардың қайсарлығы мен төзімділігін, батырлығы мен батылдығын беруге тырысқан. Яғни, тарихи деректерге жан бітірді. Талай ит қорлықты бастан кешірген жалпақталдық жанкештілер түрме тозағын бастан кешірді. Қазақтың, оның жерінің еркіндігі үшін күрескендердің қаһармандығы, рухы ешқашан өшпейтінін жазушы осы романы арқылы тағы көз жеткізу үшін талай уақытын сарп етіп, азаматтық танытты. Осы жайында айта келіп, аудан басшысы «бұл ел оқуға тиіс құнды еңбек»,-деді.

Өз кезегінде сөз алған автор «Он төртке» толық шолу жасады. Сонау кездегі балаң жастардың жалындаған ұлттық рухынан қуат алғанын, еліміздің өткенін қадірлеу болашаққа сеніммен қадам болып табылатыны туралы баяндады.

Белгілі қаламгер Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай онлайн арқылы кітапқа ақ жол тіледі. «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелері, 5 сынып оқушысы Алина Муса, 7 сынып оқушысы Жанболат Нығыметуллин автордың өлеңдерін мәнерлеп оқыды, өлкетанушы, жидашы Бақтығали Қоспаев, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, ардагер ұстаз Балым Хамзина қаламгердің ізденімпаз еңбегі жайында айтты.

 Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале